Джон ван ’т Шкип: Нәтижеге қатты көңіліміз қалды

Джон ван ’т Шкип: Нәтижеге қатты көңіліміз қалды

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі Молдоваға қарсы матчтың (1:2) нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.

– Әрине, нәтижеден қатты көңіліміз қалды. Бірінші таймды өте нашар бастадық деп ойлаймын. Ойын құрылымын да дұрыс сақтай алмадық. Соның кесірінен қиындықтарға тап болдық. Қарсыластың қысымы кезінде доптан көп айырылып қалдық.

Бірінші голды өткізуге өзіміз себеп болдық. Сол сәтте қорғаныста дұрыс ойнамадық. Қарсылас соққы жасағанға дейін бірнеше рет ереже бұзып тоқтатуға немесе допты тартып алуға болатын еді. Екінші голды да бұрыштамадан жіберіп алдық. Словакиямен ойында да осындай гол жіберген едік. Одан кейін есепті теңестіруге тырыстық, бірақ уақыт бізге қарсы жұмыс істеді.

Үзілістен кейін 0:2 есебімен жеңіліп жатып, қысымды күшейтіп, бар күшімізді сала ойнай бастадық. Бірінші таймда бізге дәл осы нәрсе жетіспеді. Ойынға қайта оралып, қарсыласты өз қақпасына қарай қыса бастадық. Әрине, олар да бірнеше рет қауіпті қарсы шабуылдарға шығып отырды. Бүгін маңызды ұпайлардан айырылып қалдық деп ойлаймын.