Дзюдошыларымыз Португалияда өткен Гран-при турнирін жалғыз қоламен аяқтады
Қазақстандық татами шеберлері Португалияда өткен әлемдік Гран-при турнирін жалғыз қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Атап айтсақ, халықаралық турнирде 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әйелдер арасынан тек Әбиба Әбужақынова ғана қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жұбаныш финалында түркиялық Сила Ерсінді ұтып, медальға қол жеткізді.
Португалияның Одивелаш қаласында өткен Гран-при додасы - дзюдодан 2024 жылғы маусымның алғашқы ресми рейтингілік жарысы болды. Оған әлемнің 90 елінен 624 дзюдошы қатысты.
Енді алда тағы да дзюдошыларымызды бірқатар маңызды дода күтіп тұр. Атап айтсақ, 2-4 ақпан аралығында Парижде «Үлкен Дулыға» Халықаралық турнирінде балуандар кім мықтыны анықтайды.
Ал 16-18 ақпанда Бакуде, 1-3 наурыз күндері Ташкентте, 22-24 наурызда Тбилисиде, 29-31 наурызда Антальядағы Grand Slam турнирлерінің алауы тұтанады.
19-24 мамыр аралығында Әбу-Дабиде ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Сондай-ақ 10-12 мамырда Grand Slam турнирін Алматы қаласы қабылдайды.
Олимпиада қарсаңындағы соңғы жарыс 28-30 маусым күндері Ұлан-Батор қаласында өтеді.