Данеш Дүнгенбаев: Алмахан бала кезінен мықты спортшыларға қарсы шықса, жақсы төбелеседі
Белгілі қазақстандық бапкер Данеш Дүнгенбаев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Еламан Шертаевтың соңғы жекпе-жегіне тоқталып, Бекзат Алмаханның UFC-дегі дебютына дайындығы туралы айтып, Әшімовтың қасиеттеріне баға берді.
- Қазір сіздің залыңызда бірден бірнеше жауынгер дайындалуда – кеше Naiza лигасында Шертаев төбелесті, алда Алмахан мен Әшімовтің жекпе-жектері өтеді. Бір уақытта бірнеше жауынгерді дайындау қиын емес пе?
- Бұл жағдай қиындық туғызбайды. Біздің залдағы жауынгерлердің жарысы әр түрлі уақытта өтеді. Және де біздің залда 57, 61, 66, 70 келі салмақтардағы жігіттер өте көп, сол себепті олар бір-біріне спаррингке тұрып көмектеседі. Сонымен қатар бізде бірнеше бапкер бар. Біздер ақылдасып, әр жауынгерге арнайы жоспар дайындаймыз. Мысалы, Бекзат Алмаханның қарсыласы Нурмогомедовтың толық жекпе-жектерін қарап, тактика дайындадық. Дәл солай біздер Еламан Шертаевқа да көмектестік.
- Еламанның жекпе-жегі туралы сұрақ. Оның қарсыласы жасы үлкен болса да, өте мықты греплер болды. Жекпе-жек партерде өтті. Жауынгеріңіз партерде жеңіліп қалады деген қорқыныш болған жоқ па?
- Негізі біздің зал күреске жақсы. Біздер Еламанды күреске дайындадық. Тордың түбінде қалай күресу керек, қарсыластың астынан қалай шығу керек - бірнеше сценарийлерді қарастырып, күресті жақсы дайындаймыз. Шертаевтың жекпе-жегінен кейін қарным тоймаған бір мәселе болды, бірақ бұл минустар күрделі болмады. Еламан біздің айтқанымызды естіді, біздер соңғы раундтарда күресуге кеңес бердік. Ол біз айтқан барлық бұйрықтарды орындады.
- Аптаның соңында Бекзат Алмахан өзінің мансабындағы ең маңызды жекпе-жектердің бірін өткізеді. Оның психологиялық және физикалық дайындығы қалай?
- Бекзат психологиялық жағынан да, физика жағынан да толықтай дайын. Бала кезімнен білетін Бекзат ешқашан қарсылас талғамайды. Оған тактиканың бәрін қойып бердік, соны толықтай ұстанады деген сенімдемін. Қарсыласпен төбелесуге толықтай дайын.
- Умар жақсы күреседі –бұл ақпарат құпия емес. Бекзат онымен күресуге қаншалықты дайын?
- Жоспар бойынша Бекзат Умармен күреске бармайды. Негізі Нурмогомедов аяқпен де, қолмен де жақсы жұмыс жасайды. Бекзатқа Умар аяқпен тепкенде не жасау керек екендігі айтылды. Умар күресуге бел буса, онда біздер қорғаныста боламыз. Біздің жауынгер не жасау керектігін біледі.
- Сіз өзіңіздің жауынгеріңізді қолдайтыныңыз анық, дегенмен де Нурмагомедовпен болатын шайқаста Алмаханның мүмкіндігі қаншалықты жоғары?
- Әлбетте, мен өзімнің жауынгерімді қолдаймын. Умар Нурмогомедовтың командасы мен дайындығын жақсы білемін. Бекзатқа «Умардан не үшін қорқу керексің, сегізбұрышқа шығасың, өзіңдікін жасайсың» дедім. Менің ойымша, керісінше Нурмогомедовке Бекзатқа қарсы дайындалу қиын болады. Бекзат бала кезінен мықты спортшыларға қарсы шықса, жақсы төбелеседі. Оған жоғалтатын ешнәрсе жоқ. Жоғары деңгейде жұдырықтасатынына сенімдімін.
- Сіздің залда ұзақ уақыт бойы төбелеспеген Арман Әшімов дайындалып жатыр. Оның физикалық формасына қандай баға бере аласыз? Жалпы Әшімовтің дайындығы қалай өтіп жатыр?
- Әшімовты мен дайындамаймын. Ол зал ашылғалы арасында келіп-кетіп тұрады. Арман - жекпе-жек жақындаған кезде өзінің жүйесімен және тактикасымен дайындалатын жауынгер. Ол арасында ғана келіп, лапа ұстап, кейде жігіттермен күресіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, ол жалпы жаттығуларға қатысады, бірақ мен оны арнайы дайындамаймын. Арман – өте талантты жігіт, Қазақстандағы ең мықты жауынгерлердің бірі, бірақ жеке дайындалғанды жақсы көреді. Негізі, егер ол - жаттығуларға көп көңіл бөліп, бапкерлермен жақсы жұмыс жасаса, алысқа баратын спортшы.