Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді: Олимпиадаға қатыса алмаған Елена Рыбакина мәлімдеме жасады
Денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасына қатыса алмаған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Елена Рыбакина өкпенің қабынуы ауруына шалдығып, Париж Олимпиадасына қатыса алмаған еді. Дәрігерлер оған жарыс алаңына шығуға рұқсат бермеген.
«Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым! Сіздерге Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаныма өзімнің қаншалықты ренжігенімді және өкінетінімді айтып хабарлаймын.
Мен командамен бірге белсенді дайындалдып, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқаттанып қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды.
Барлық қазақстандық жанкүйерлерден ақталмаған үміттеріңіз үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс жасағанмын және медаль алғым келді.
Токиода өткен Олимпиадада мен медаль алуға өте жақын болдым және медаль алу менің үлкен мақсатым болып қала берді. Мен жақын арада кортқа шыға аламын деп үміттенемін.
Барлық отандастарыма алғысымды жеткізгім келеді, өйткені әлемнің қай түкпірінде ойнасам да сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер.
Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын. Көп рахмет және кортқа жақын арада ораламын деп үміттенемін», - деді Рыбакина.