Бокстан U23 Азия чемпионаты: Қазақстан үш алтын медаль жеңіп алды
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санатындағы Азия чемпионаты жалғасуда, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
U23 жас санатында әйелдер арасында финалдық жекпе-жектер аяқталды. Нәтижесінде бұрымды боксшыларымыз үш алтын және үш күміс жүлдеге қол жеткізді.
48 келіге дейінгі салмақта Гүлназ Бөрібаева ақтық сында Содон-Од Биндериядан (Моңғолия) басым түсті.
70 келіге дейінгі салмақта Азиза Исина финалда Өзбекстан өкілі Райхона Курбонбоеваны жеңді.
75 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Нәлібай үндістандық Мусканды тізе бүктірді.
Ал Анита Адишева 51 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Гулсевар Ганиеваға жол берді.
Ұлжан Сәрсенбек 57 келіге дейінгі салмақта Хуморабону Мамажоноваға есе жіберді.
Құралай Егінбайқызы 80 келіге дейінгі салмақтың финалында Рухшона Парпиевадан (Өзбекстан) жеңіліп қалды.
Осылайша, ұлттық құрама еншісінже үш алтын, үш күміс және үш қола медаль бар. Бұған дейін Аяжан Ермек (60 келіге дейін), Панар Сейітханқызы (80 келіден жоғары), Аслан Елдібайұлы (90 келіден жоғары) қола жүлдегер атанған еді.
Айта кетейік, 16 шілдеде ерлер арасында финалдық жекпе-жектер өтеді.