logo

Бокс: Токиодағы сәтсіздіктен соң Парижге дайындық қалай?

Бокс: Токиодағы сәтсіздіктен соң Парижге дайындық қалай?

Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Енді екі айдан соң бар әлем назары Франция астанасына ауады. Кезекті жазғы ойындар бізге жаңа рекордтар мен жаңа чемпиондарды сыйлайтыны анық. Бұл бәсекені қазақ көрермені де асыға күтуде. Әсіресе, халықтың бокс дегенде шығар жаны бөлек. Жекпе-жек түрлеріне жақын болғандықтан, былғары қолғап шеберлеріне  үмітпен қарайды ел. Sport Plus Qazaqstan сайтының тілшісі осы тақырып төңірігінде еліміздің белгілі тұлғаларымен пікір алмасты.

Алайда, Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын жігіттеріміз соңғы  кезде жеңісті дәстүрден сәл алшақтап кеткендей. Токио Олимпиадасы мен жазғы Азия ойындарында бір чемпионның шықпағаны көпшілікті алаңдатып қойды. Осы орайда, бокстан ерлер құрамасының әлеуетін саралап, қазақ боксының тұғыр биігінен төмендеуіне себеп болған сауалдарды анықтап көрдік.

Қазақстан бокстан Сидней Олимпиадасындағы жетістікті әлі күнге дейін қайталаған емес. Төрт боксшымыз алтын үшін айқасқан күндермен  әзірге мақтана тұрамыз. Содан бері бес олимпиадалық цикл өтсе де, Олимпиаданың финалында бізге бір алтыннан артық жеңіс бұйырмаған. Ал Токиода боксшылардың финалға жете алмауы біздің спортта үлкен мәселе барын білдірткен дабыл қоңырауы еді.

Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетовтің айтуынша, Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікке бапкерлердің қателігі себеп болуы мүмкін.

«Мен кезінде ұлттық құрамада қызмет еттім. Шәкіртім Галиб Жафаров әлем чемпионы болды. Олимпиада ойындарына қатысты. Бапкерлік қызметте команданы екі Олимпиадаға дайындауға үлес қостым. Сол тәжірибемнен  түйгенімді айтайын. Токио Олимпиадасының қарсаңында  бапкерлер құрамы қателік жіберді. Олар Олимпиаданың басталуына бір жарым ай қалғанда боксшыларды Азия чемпионатына апарды. Төрт жыл бойы күткен  ірі турнир қарсаңында спортшыларды мұндай ресми жарысқа апарған дұрыс емес. Жігіттердің бәрі осы турнирде «жанып» кетті. Тағы да айтамын, көпшілік ел Олимпиада алдында спортшыларын жабу астында ұстайды. Біздің боксшылар Азия чемпионатында барын салып, Олимпиадада сәтсіздікке ұшырады», - дейді ол.

Токио Олимпиадасынан кейін командада бас бапкер ауысты. Ұлттық құрамаға тәжірибелі Мырзағали Айтжанов қайта оралды. Осы аралықта спортшыларымыз әлемдік және құрлықтық жарысқа қатысып, құралақан қайтқан жоқ.

«Бар мәселе – бас бапкерде. Кез-келген бапкер командаға күміс, қола медальді әпере алады. Ал ең мықты  бапкер Олимпиада чемпионын шығарады. Бапкердің ойы мен тәжірибесі дұрыс болуы керек. Қазіргі бас бапкер Мырзағали Айтжанов осы санаттағы адам. Бұған дейін екі Олимпиада чемпионын шығарды. Оның деңгейі мен қабілетіне қарап, Париждегі табысымыз жаман болмайды деп ойлаймын. Иә, жазғы Азия ойындарында алтынсыз қалдық. Бірақ Олимпиада қарсаңында бұл да дұрыс шығар. Бұл жағдай оларды қамшылайтыны сөзсіз», - дейді бапкер Әлімбек Балмағамбетов.

Бокстан Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков те қазақ боксындағы жеңісті дәстүрдің үзілуіне қатысты өз пікірін айтты.

«Біздің буын мен қазіргі құрамның айырмашылығы өте көп. Ең басты ерекшелік, әрине, заманның өзгеруі. Бізде тәртіп қатал болды. Сидней Олимпиадасына барған жеті олимпиадашының төртеуі финалға шықты. 1996 жылғы жазғы Олимпиадада Қазақстанның қайда екенін шетелдіктер білмейтін. Ал 2000 жылдан кейін барлық боксшылар бізге қарсы дайындалады. Бізге босамау керек!

Токио Олимпиадасынан кейін жақсы команда жасақтап үлгердік пе? Меніңше, үлгердік.  Қазіргі команадада екі жігіт екінші Олимпиадасына бара жатыр. Олар – Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев. Екеуі де Олимпиаданың не екенін біледі, атмосферасын сезінген. Одан бөлек, ағайынды Оралбайлар Италиядағы іріктеу турнирінде өте жақсы өнер көрсетті. Махмұд Сабырхан бар. Біз күтпеген нәтиже де болуы мүмкін. Кім ойлады, Сиднейде Бекзат Саттарханов чемпион болады деп?! Сондықтан, алтын болады деген ниеттеміз.

Қазақтың бокстағы жеңісті дәстүрін қайталау үшін қазір бар күш салынып жатыр. Федерацияға жаңа басшылар келді. Олар құрама қайда жаттығамын десе, бәріне жағдай жасауда. Жігіттерге тек шаршы алаңға шығып, жеңіске жету ғана қалды. Париж ойындарына екі айдай уақыт бар. Жолдама қоржынымыз да жаман емес. Бір өткел ғана қалып тұр. Париж Олимпиадасынан кейін қазақ боксы жеңісті дәстүрге қайта оралады деп ойлаймын», - дейді Ділдәбеков.

Соңғы жылдары боксшыларға берілетін сыйақы көлемі де ұлғайды. Жанкүйерлер арасында шектен тыс марапаттың да кедергісі болатыны жиі жазылуда. Бірақ спорт журналисі Есей Жеңісұлы боксшыларды қаржылай сыйақы берудің еш әбестігі жоқтығын айтады.

«IBA беретін қаржылай марапатқа жоламаған дұрыс. Умар Кремлев ұйымды ұстап қалу үшін ақшамен қызықтыруда бәрін. Ал федерацияның боксшыларға қаржылай сыйақы бергенін құптаймын. Спорт дегенің жастық шақсыз өткен ғұмыр ғой. Оның үстіне, біз 19-25 жас аралығындағы жігіттерге бүкіл ұлттың жүгін артып қойып отырмыз. Олардан тек жақсы нәтиже күтеміз. Қаржылай сыйақы кімге де болса мотивация береді. Одан бөлек, ресми спорттық ұйымдарға бекітілген спортшылардың айлық табысы өте төмен. Сондықтан, мен боксшыларға сыйақы бергеніне мүлдем қарсы емеспін. Әр нәрсенің өтеуі болуы керек қой. Спорттағы келте ғұмырын елді танытуға арнаған жандарға қандай құрмет те артық емес», - дейді ол.