Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге шағымданды
1 маусымда Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде жұдырықтасқан қазақстандық Виктор Коточигов төрешілердің әділетсіздігін айтып, ҰОК басшысы Геннадий Головкинге шағымданды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Белгілі болғандай, турнир HAS PRO BOXING промоушенімен ұйымдастырылған. Ал кештің басты жекпе-жегінде Виктор Коточигов пен Мирас Ертанов кездескен.
Видео авторының айтуынша, жеңіс қарсыласына берілген, бірақ ол төрешілердің бұл шешімімен келіспейтінін алға тартады.
«Мен өз жекпе-жегімді жеңдім. Ал төрешілер әділетсіз шешім шығарды. Комиссия бұл кездесуді қайта қарап шығып, жеңісті нағыз чемпионға бергенін қалаймын. Сонда жұмыс істеген төрешілер жазаланып, жұмыстан шеттетілсін.
Қазір бұра тартатын төрешілердің кесірінен қаншама спортшы зардап шегіп жүр. Біз бұған көз жұмып келеміз, сондықтан да талай спортшы карьерасын аяқтап, олардың тағдыры тас-талқан болып жатыр. Бәрі әділетті болса екен деймін. Қазақстан, алға», – деп жазды Коточигов.
Естеріңізде болса, сол күнгі бокс кешінің басты жекпе-жегінде 63,5 келі салмақ дәрежесінде Golden Grand Prix аясында қазақстандық боксшылар Виктор Коточигов (16, 14-2) пен Мирас Ертанов (6, 5-1) кездесіп, тартысты өткен кездесуде төрешілер шешімімен Мирас Ертанов жеңіске жетті.