Шаршы алаңда жауым, өмірде досым: Қоңқабаев өзбек боксшысы Жалолов жайлы айтты
Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өзбекстандық былғары қолғап шебері Баходир Жалоловпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын екі боксшы сәуірде Түркістан облысында өткен оқу-жаттығу жиынында бірге жаттыққан еді.
«Біз қанша қарсылас болсақ та, бір жағынан көрші, мұсылман бауырмыз. Сондықтан сәлеміміз әрдайым түзу. Ол мені Ташкентке, мен оны Алматыға шақырамын. «Отбасыңмен кел, қыдыр» деймін.
Оқу-жаттығу жиынында әңгімелесіп, әзілдесіп жүрдік. Бірге жаттығу жасадық. Шаршы алаңда қас жаумыз, былай келгенде доспыз, бауырмыз», - деді Қоңқабаев.
Айта кетейік, өткен жылы қазанда Қоңқабаев пен Жалолов Азия ойындарының финалында жұдырықтасқан еді.
Бұл жекпе-жекте өзбекстандық боксшы жеңген болатын. Биыл екеуі де Париж Олимпиадасында бақ сынайды.