Қазақстан әйелдер құрамасынан Олимпиадаға алғаш рет үш боксшы қатысады
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасынан тұңғыш рет үш боксшы жазғы Олимпиадаға қатысады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Өткен жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Карина Ибрагимова (57 кг) лицензия иегері атанған еді. Ал жақында Бангкокта (Таиланд) өткен соңғы іріктеу турнирінде Назым Қызайбай (50 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) Олимпиада жолдамасын еншіледі.
«Бангоктегі іріктеу турниріне бес қыз алып келдік. Ешбір қызымыз аянып қалған жоқ. Қолынан келгеннің бәрін жасады. Жеңілген боксшыларымыздың да өнеріне көңілім толды. Иә, үш спортшымызға лицензия бұйырмады. Тағы да айтамын, олар барын салды.
Енді Олимпиадаға алғаш рет үш боксшы қызымыз қатысайын деп отыр. Басты мақсатымыз – төртжылдық додасынан абыроймен оралу. Назым Қызайбайға келер болсам, ол біз қойған тактиканы толығымен орындап шықты.
Тіпті, шешуші жекпе-жектің соңғы раундында сол жақ тұрыспен бокстаса жөнелді. Валентина Хальзова өте керемет жұдырықтасты. Бұл турнирде ол бір раундта да жеңілген жоқ. Нағыз бабында. Енді біз осы үш қызымызды Олимпиадаға бабында апаруымыз керек. Сол үшін жұмыс істейміз. Бұл жалғыз менің емес, бүкіл команданың жұмысы болмақ», - деді Елдос Сайдалин.