Биыл Қазақстан құрамасының спортшылары 621 медаль жеңіп алды
Биыл соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары әлем және Азия чемпионаттары, өзге де халықаралық жарыстарға қатысып, 621 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында спортшыларымыз XVII жазғы Паралимпия ойындарында өнер көрсетіп, 5 спорт түрінен 9 медаль (2 алтын, 3 күміс және 4 қола) олжалады.
«Оның ішінде 213 алтын, 191 күміс және 217 қола медаль бар. Тоғыз айдың ішінде отандық спортшылар бірқатар тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Жыл басында Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных осы спорт түрінен тұңғыш рет чемпион атанса, ақпанда Қатар мемлекетінде өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында әртістік жүзуден аралас дуэт бағдарламасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова тарихи нәтиже көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Наурызда шорт-тректен ұлттық құрама спортшысы Денис Никиша Роттердамдағы (Нидерланд) әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Бұл – шорт-тректен ел тарихындағы алғашқы күміс медаль. Бұған дейін бірде-бір спортшымыз мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған еді», - деп жазылған Туризм және спорт министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ спорттық гимнастикадан Ташкентте өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Аида Бауыржанова аталған спорт түрінен ел қоржынына тарихи қола жүлдені салды.