Бүгін, 25 қарашада Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтті. Жиында ұйымның 2024-2026 жылдар аралығындағы жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Сондай-ақ бірқатар ұйымдастыру мәселелері бойынша шешімдер қабылданды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Бас ассамблеяға Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Атқарушы комитет мүшелері және ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.

Геннадий Головкин жиынды ашып, 2024 жылғы ақпанда ҰОК президенті болып сайланғаннан бергі атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелеріне тоқталып, алдағы жылдардағы міндеттерді атап өтті.

Осы кезеңде Қазақстан ҰОК ұлттық делегацияның тоғыз ірі халықаралық кешенді спорттық жарысқа қатысуын ұйымдастыруға қолдау көрсетті.

«ҰОК-нің басты міндеттерінің бірі — ұлттық делегацияның халықаралық ойындарға қатысуына жағдай жасау. Сондықтан біз дайындық жұмыстарын алдын ала бастауды, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатуды және спортшылардың жарысқа алаңсыз дайындалуы үшін қажетті мәселелердің барлығын уақытылы шешуді басты назарда ұстаймыз.

Сонымен қатар ұлттық делегацияның жарыстарға қатысуын ұйымдастыру тәсілдерін үнемі жетілдіріп келеміз. Соның бірі Халықаралық Олимпиадалық комитетінің жоғары бағасына ие болды. Атап айтқанда, ХОК Қазақстан ҰОК әзірлеген Олимпиада делегацияларының мүшелерімен жасалатын келісімдер жүйесін үздік тәжірибелердің қатарына қосып, оны басқа Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге де ұсынды», — деді Геннадий Головкин.

ҰОК қызметіндегі басым бағыттардың бірі — халықаралық спорт ұйымдарында Қазақстан өкілдерінің қатарын көбейту. Есептік кезеңнің қорытындысы бойынша отандастарымыз халықаралық және Азия спорт ұйымдарында 58 лауазымды қызметте жұмыс істеп жүр.

Халықаралық федерациялармен байланысты нығайту елімізге ірі спорттық жарыстарды өткізуге де жол ашып отыр. 2027 жылы Қазақстанда бокстан, дзюдодан, үстел теннисі мен таеквондодан әлем чемпионаты, шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі және мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді.

Бұған қоса, Қазақстан ҰОК, мемлекеттік органдар мен спорт федерацияларының бірлескен жұмысының нәтижесінде 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу құқығына ие болдық.

«Мемлекеттік органдармен, федерациялармен және ұйымдастырушылармен бірлесе отырып, бұл ойындарды жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, оның ел спортының дамуына берер пайдасын да ойластыруымыз қажет. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлерін дамыту, білікті мамандар даярлау және спорт нысандарын тиімді пайдалану маңызды», —  деп атап өтті Қазақстан ҰОК президенті.

Геннадий Головкин 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, алдағы екі жыл айрықша маңызға ие болмақ. 2027 жылдың басынан бастап Олимпиадаға жолдама сарапқа салынатын іріктеу кезеңі басталады. Осы уақытта ҰОК ұлттық спорт федерацияларына қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар Олимпиада кезінде Қазақстан үйін ашу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Бас хатшы Әлімжан Ақаев Қазақстан ҰОК-нің 2024-2026 жылдардағы қызметі туралы есеп берді. Есептік кезеңде ҰОК ұлттық спорт федерацияларына құқықтық, ұйымдастырушылық және халықаралық бағыттар бойынша қолдауды күшейтті.

Сондай-ақ ҰОК 17 білім беру шарасын, соның ішінде жаттықтырушылар мен сала мамандарына арналған техникалық семинарларды ұйымдастырды. Білім беру, техникалық және әлеуметтік бағдарламаларға 700-ден астам адам қатысты. Бұл бастамалар жаттықтырушылар мен спорт менеджерлерін даярлау, спортшылардың мансабы аяқталғаннан кейінгі өмірге бейімделуіне көмектесу, Олимпиадалық білім беру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және спорттағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағыттарын қамтыды.

Бас ассамблея ұсынылған есепті назарға алып, Қазақстан ҰОК Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Жаңартуларда дене шынықтыру және спорт ұйымдарын танудың ортақ қағидаларын бекіту, сондай-ақ ҰОК Әдеп кодексінің талаптарын сақтау жөніндегі ережелерді толықтыру көзделген.

Алматының 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындығы туралы Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті, Қазақстан ҰОК Атқарушы комитетінің мүшесі Кудрәт Шамиев баяндады. Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева ҰОК-пен бірлескен жұмыстардың нәтижелері мен спорттағы допингке қарсы күрестің алдағы бағыттарын таныстырды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Бас ассамблея Қазақстан ҰОК-нің 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есебін қарап, бекітті. «Эрнст энд Янг» аудиторлық компаниясының серіктесі Гүлдария Зарипова жиынға қатысушыларды тәуелсіз аудит қорытындысымен таныстырды. Аталған компания 2016 жылдан бері Қазақстан ҰОК-нің сыртқы тәуелсіз аудитін жүргізіп келеді. Бас ассамблея шешімімен компания 2026 жылға да ұйымның аудиторы болып қайта тағайындалды.

Бұған қоса, Бас ассамблея Қазақстан ҰОК Тексеру комиссиясының 2024-2025 жылдардағы есебін бекітті. Қаржы және шаруашылық қызметіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде елеулі заңбұзушылықтар, ауытқулар мен есептегі бұрмалаулар анықталған жоқ.

Отырыс барысында Қазақстан Сквош федерациясын ҰОК мүшелігіне қабылдау туралы шешім де мақұлданды.

Федерация 2024 жылдан бері Азия сквош федерациясының (ASF) құрамында жұмыс істеп келеді. Ұйым спортшыларды даярлаумен қатар, ұлттық және халықаралық жарыстарды ұйымдастырумен айналысады. Биыл федерация Қазақстан ҰОК тарапынан ресми түрде мойындалып, ҚР Туризм және спорт министрлігінің аккредиттелуінен өтті.

ҰОК мүшелігі федерацияға Бас ассамблея жұмысына тікелей қатысуға және сквошты дамыту бағытында Ұлттық Олимпиадалық комитетпен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, сквош 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді.

Бас ассамблея соңында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин табыстады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ең жоғары марапаты — ҰОК орденімен 2026 жылы ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров марапатталды.

Данияр Қасқарауов «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Ауыр атлетикадан ұлттық құрама өкілдері Александр Уваров пен Алексей Чуркин, сондай-ақ таеквондодан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Таеквондодан жастар арасында әлем чемпионы Айым Серікбаева Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақстан Таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Шымкент қаласының Таеквондо федерациясының президенті Олжасхан Уәлихан мен Түркістан облыстық Таеквондо федерациясының президенті Елдос Ахметов II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.