logo

«Барыс» «Сібірді» тамаша матчта жеңді

«Барыс» «Сібірді» тамаша матчта жеңді

«Барыс» «Сібірді» сенімді жеңіп, төрт матчтық сәтсіздік сериясын үзді, деп хабарлайды Sport+ елордалық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үйдегі серияның екінші матчында «Барыс» новосібірлік «Сібір» командасын қабылдады. Негізгі құрамға Кирилл Савицкий мен Эмиль Галимов қайта оралды, олар шабуыл шебінде Максим Мухаметов пен Руслан Оспановты алмастырды. Қақпада бастапқы минуттардан Андрей Шутов тұрды.

Қонақтар алғашқы кезеңде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, алтыншы минуттың соңына қарай есепте алға шықты — Роман Калиниченко мен Скотт Уилсонның дәл соққылары «Сібірге» 0:2 есебін қамтамасыз етті. «Барысты» ойынға Семён Симонов қайтарды — ол оң жақ шеңберден жасаған екінші соққысымен есепті қысқартты.

Екінші кезеңнің басында Дмитрий Бреус қарсыластардың қателігін пайдаланып, «Барыс» сапындағы алғашқы шайбасын соқты. Алайда новосібірліктер бұған қос голмен жауап берді — Никита Сошников пен Владислав Кара шайба салып, есепті 2:4-ке жеткізді. Осы сәтте алаң иелерінің жаттықтырушылары қақпашыны ауыстырып, Адам Шиланы ойынға қосты. Бұл шешім астаналықтарды жігерлендірді.

Көп ұзамай Джейк Масси көк сызықтан бағыттаған дәл соққысымен Луи Домингті қапы қалдырды. Ал одан кейін Симонов өткір бұрыштан, ыңғайсыз қолымен соққан шайбасымен дубль авторы атанды.

Үшінші кезеңнің ортасында Иэн Маккошен тіпті теріс бұрыштан шайба салып, «Барыс» жейдесіндегі алғашқы голын тіркеді. Осыдан кейін төрешілер қос команданың бір-бір голын есепке алмады. Ал матчтағы соңғы нүктені Мэйсон Морелли қойды — 6:4. Осылайша, «Барыс» төрт матч қатарынан болған жеңілістер сериясын тоқтатты.

Келесі матч 29 қыркүйекте өтеді — Михаил Кравецтің шәкірттері өз алаңында «Адмиралды» қабылдайды.