«Барыс» қақпашысы ҚХЛ-дің үздік ойыншысы атанды
Никита Бояркин ҚХЛ-дің 17 желтоқсандағы ойын күнінің үздік ойыншысы деп танылды, деп хабарлайды Sport+.
Мәскеуде өткен матчта астаналық «Барыс» жергілікті «Динамомен» кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Команданың қос шайбасын шабуылшы Антон Бурдасов салды.
Бұл жеңіс «Барыстың» сегіз ойынға созылған жеңілістер сериясын тоқтатты. Сол кезеңде команда бар болғаны бір ғана ұпай жинаған еді.
Қазақстандық қақпашы Никита Бояркин қарсыластың 39 соққысын қайтарып, маусымдағы үшінші «құрғақ» матчын өткізді. Оның бұл ойыны күннің үздік көрсеткіші болып танылып, КХЛ-дің күн ойыншысы атағына ие болды.