Бағдат Жұбаныш: Қазыбектің мені жеңгенін мойындамаймын
Бүгін Ақтау қаласында елеулі NAIZA 64 турнирінде IMMAF тұжырымының ММА бойынша тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы Бағдат Жұбаныш (4-1, 2 SUB, 1 KO/TKO) пен GAMMA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Дооронбек Кылычбек уулу (4-0, 3 SUB) шайқасады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Бұл жекпе-жекке 8 апта дайындалдым. 2 ай диета сақтадым. Еңбектің нәтижесін ертең көресіздер. 5 раундқа үміттеніп отырмын. 63 келіден 53 келіге түстім. Қарсыласымды жеңемін деп айта алмаймын, әрекет бізден, нәтиже Алладан. Қырамын-жоямын деп ерте айтуға болмайды. Өзі жеңу үшін келдік қой, әрине соның жемісін көреміз», - деді Бағдат Жұбаныш.
Жауынгер әр жекпе-жек үлкен тәжірибе беретінін айтып, осы уақытқа дейін жинаған бүкіл тәжірибесінің көмегімен Дооронбек Кылычбек уулуды тізе бүктіретінін айтты. Сондай-ақ Қазбек Сағынның жеңісін неліктен мойындамайтынын жасырмады.
«Қазыбектің мені жеңгенін мойындамаймын. Төреші қателік жасады, әділ шешім шығармады. Одан кейін ол әлі төбелескен жоқ. Мен екі рет кездесу өткізіп тастадым. Ол белбеуді қорғамағандықтан мен жекпе-жекке түсіп отырмын.
Қайта төбелесу үшін екі жекпе-жек өткіздім. Бәрін ертеңгі жекпе-жек көрсетеді. Көңіл-күй қандай болады? Ұтсаң, әрине керемет болады. Ертең көреміз қандай нәтиже боларын. Мақсатым - NAIZA-ның чемпиондық белбеуін иеленіп, әрі қарай оны қорғау», - деді Б.Жұбаныш.
ММА тұрақты кәсібіне айналғанын айта келе, одан басқа жұмыс істей алмайтынын ашып айтты.
«Кәсіби спорт ешқашан денсаулығыңа оң әсер етпейді. Басыңды бәйгеге тігіп төбелесесің. Бір жағынан сүйікті ісім, екінші жағынан - табыс көзім, басқа жұмыс істей алмаймыз. Осы жолды таңдадым. Енді шама жеткенше, еңбек ете беремін», - деді Бағдат Жұбаныш.
Айта кетейік, 27 шілдеде Ақтауда NAIZA 64 турнирі өтеді, Аталмыш жарысты Sport Plus Qazaqstan телеарнасынан, sportplustv.kz сайтынан, сонымен қатар біздің YouTube-арнамыздан көруге болады.