logo

Жалқау болмағанда, қазір үлкен ареналарда чемпион болып жүретін едім: Бекзат Жасия

Жалқау болмағанда, қазір үлкен ареналарда чемпион болып жүретін едім: Бекзат Жасия

Әуесқой ММА бойынша әлем чемпионы қазақстандық Бекзат Жасия Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында спорттағы мақсаты, Давид Джибиловтен жеңілгеннен кейін қандай қорытындыға келгенін және жеке өмірі жайлы сыр шертіп, өзге де қызықты сауалдарға жауап берді.

- Октагонға шықпағаныңызға бір жылға жуық уақыт болды. Бір жыл бойы не істедіңіз?

- Мен кәсіпқой ММА-да соңғы рет қараша айында жекпе-жекке шықтым. Содан кейін 1 ай уақыт демалып, әрі қарай дайындығымды жалғастырдым. Осы уақытқа дейін әуесқойлар арасында джиу-джитсудан Қазақстан және Азия чемпионы атандым. Енді кәсіпқойды бағындыратын уақыт келді.

- Давид Джибиловтен жеңілгеннен кейін қандай қорытынды жасадыңыз?

- Джибиловпен жекпе-жектен кейін аздап стресс болды. Өйткені оған дейін 4 жекпе-жекте және джитсудан Қазақстан, Азия, Әлем біріншіліктерінде жеңіске жетіп жүрген болатынмын. Сол кезде Джибиловпен төбелесуге бір апта қалғанда 7 келі салмақ тастап, Әлем чемпионатында 5 кездесу өткізіп, жеңімпаз болдым.

Сосын бір апта ішінде тастаған 7 кг салмақты қайта жинауға тура келді. Ол кезде де белбеуді алуға деген құлшынысым мен өзіме деген сенімділігім өте жоғары болды. Алайда, 1 жылдан аса тоқтаусыз жаттығу жасап келе жатқан ағзаммен санасу керек екенін түсіндім.

Ол кезде бапкерлерім мен спорттағы жақын достарым 1 жарысты тоқтату керектігін ескертті. Бірақ мен қанағаттанбай барлығын сол кезде алғым келді. Сол жеңілістен кейін әрбір жарыстан соң 3-4 ай үзіліс алу керек деген қорытындыға келдім. Айтпақшы, сол кездері қазақша күрес және қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан біріншілігіне қатысып, жеңімпаз болдым.

- Бұл жеңіліс босаңсуыңызға сеп болған жоқ па?

- Жоқ, керісінше, үлкен сабақ болып, әрі қарай жаттығуға мотивация болды. Артымнан ерген жастарға сабақ ретінде айта алатындай тәжірибе алдым. Айналама қарап, кімнің кім екенін білдім дегендей.

- Гаджимурад Гасангусейновтің жекпе-жектерін көрдіңіз бе? Оның қандай мықты немесе әлсіз тұстарын атай аласыз?

- Иә, көрдік, анализ жасадық. Жалпы қарсылас жан-жақты, алайда ол жігітке сәттілік, өзіме жеңіс тіледім. Алла қаласа, 26 шілдеде жақсы жекпе-жек болады деп ойлаймын.

Жалқау болмағанда, қазір үлкен ареналарда чемпион болып жүретін едім: Бекзат Жасия

- Қазір жауынгерлер арасында көрермен жинау үшін жекпе-жек алдында хайп жасап, бір-бірін төмендетіп, кемсітіп жатады. Әзірге сізден ондайды байқамадық. Сіздің ондай әрекетке бармауыңыз танымал болуды қаламайтындығыңыздан ба әлде тәрбиеңізден бе?

- Мен үшін жат қылық. Менің ең бірінші мақсатым - шоу көрсетіп ақша табу емес, әлемдік деңгейде чемпион болып, атымды жақсы жағынан тарихта қалдыру. Ал қызықты, нағыз шайқас жасағаным үшін бонус беріп жатса артық етпейді.

- Сіз әуесқой ММА бойынша чемпионсыз. Сіз үшін кәсіби ММА қиын ба әлде әуесқой ма?

- Екеуіде оңай емес, әрбір жеңіс маңдай термен келеді. Көп спортшылар «чемпион болғаннан, чемпиондықты қорғап қалу моральдық тұрғыда қиындау» деп айтып жатады. Сол сияқты қазір кәсіпқой деңгейде жекпе-жекке шығып жүргеннен кейін, әуесқойда төбелесу кезінде аздап қобалжитынымыз бар енді.

Бірақ бір жағынан, сенімділік те жоғары болады. Мен джиу-джитсудан 2 рет Әлем чемпионы болдым, енді үшінші рет чемпион болсам, еңбегі сіңген спорт шебері атағын аламын. Сол мақсатта еңбектеніп жүрмін.

- Бұған дейін мақсатыңыз «Alash Pride» белбеуін алу екенін айтқансыз. Енді белбеу Санжар Әділовте. Қарсылас ретінде жерлесіңіз бекітілсе, белбеу үшін жекпе-жекке шығуға дайынсыз ба?

- Біріншіден Санжар Аділов 57 кг салмақта. Екіншіден, «Alash Pride» лигасы қазақ жігіттерін бір-бірімен төбелестіріп қоймайды.

- Мансап жолында тағы қандай мақсаттарыңыз бар? Шетелдік лигалардан ұсысыныстар келіп жатыр ма?

- Мақсатым - әуелі осы жекпе-жекті ұту, қараша-желтоқсан айларында «Алаш прайд» белбеуін Қазақстанда алып қалу. Әрі қарай шетелдік лигалардан ұсыныс түсіп жатса, бапкерлеріммен ақылдаса отырып шешемін.

Жекпе-жектен тыс ауыл жастарын грек-рим және ММА спортына дайындаймын. Қазіргі таңда Қазақстан, Азия, Әлем чемпиондарын шығардым. Атап айтар болсақ, Қазақстан туын көтеріп жүрген Абдихайым Иманғали, Әскер Жансерік, Орынбек Ерзат, Жанысбек Әділет, Төлеп Шахмардан, Алпысбай Даурен, Көбей Бекасыл, Мұхтархан Олжас т.б. Бұл жігіттер - өте мықты, біраз спорт сүйер қауымның жүрегін жаулаған нағыз чемпиондар.

Жалқау болмағанда, қазір үлкен ареналарда чемпион болып жүретін едім: Бекзат Жасия

-  Іштей өзіңізді қалай жігерлендіресіз?

- «Аз-аздан болса да, үздіксіз еңбек ет!» деп жігерлендіремін

- Сіз үшін мықты 3 жауынгер кім?

- Арман Оспанов, Шавкат Рахмонов және Асу Алмабаев.

- Өмірде, спортта қандай өкінішіңіз бар?

- Иә, қап, әттеген-ай деген сәттер бар. Кезінде күніне үш мезгіл жаттығуға мүмкіндік болса да, жалқаулыққа бой алдырып қойдым. Уақытпен санасу керектігін ойламаппын.

- Неге жалқау болдыңыз?

- Жалпы 2016 жылдан бастап тек жарыс алдында ғана 2-3 мезгіл жаттығу жасайтынмын. Сол кезден бастап тұрақты түрде 2 мезгіл жаттыққанымда қазір үлкен ареналарда чемпион болып жүретін едім деп ойлаймын. Әр түрлі себептерді сылтау етіп, 1 мезгіл жаттығып, өзіме сенімді болып жүретін едім.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Alash Pride FC Turkestan (@turkestan_alashpride)

Менің өз-өзіммен күресіп жүрмін. Өзімді білім жолында дамытқым келеді. Әрдайым кітап оқып, білім алуға қамшылап отырамын.

- Сонда көбіне қандай жанрда оқисыз? Соңғы рет қандай кітап оқып едіңіз?

- Хамит Досбаевтің «Адал адамдар коп болса екен деймін» деген кітабы, «Мен - халқымның Бауыржанымын», Мамытбек Қалдыбай.

Әрбір адам өмірге келгенде өзінің жүріп өтетін жолы болады, сол жолда өзіне жүктелген міндетті ұқыпты, тиянақты адал атқарып, жауапкершілік танытатын болса, алынбаған асу, бағындырмаған белес болмайды.

«Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз», - деп Абай атамыз айтқандай, дұшпанымыз бен асыл қасиеттерімізді ажырату білу керек дегім келеді.

- Отбасылық өміріңіз жайлы айтыңызшы.

- Отбасым бар, бірақ жұмбақ болып қала берсін.

- Кейбір танымал жауынгерлердің екі-үш әйелі бар. Сіздің көп әйел алуға көзқарасыңыз оң ба?

- Ия дұрыс айтасыз, шариғат бойынша ер адамға төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат берілген. Алайда Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде айтылғандай, абзалы - 1 айелмен өмір сүру. Мен осы хадисті ұстанамын.

- Рақмет! Алдағы жекпе-жекте жеңіске жетуіңізге тілектеспіз!



Күн шежіресі