logo

Азияда әлем мықтылары жиналған: Бас бапкер әйелдер құрамасының неліктен алтынсыз қалғанын айтты

Азияда әлем мықтылары жиналған: Бас бапкер әйелдер құрамасының неліктен алтынсыз қалғанын айтты

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия чемпионатын төрт қола медальмен аяқтады. Бас бапкер Қайрат Сағадиев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құраманың алтынсыз қалуына не себеп болғанын тізбектеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

«Өкінішке қарай, құрлық додасында қыздарымыз алтын медаль ала алмады. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, команданың негізгі құрамы Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге қатысады. Сондықтан, Азия чемпионатына екінші нөмірлі спортшыларды алып келдік. Олардың қатарында мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып отырған жас балуандар да бар.

Екіншіден, алтынға басты үміткер балуанымыз Эльмира Сыздықова өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бұған оның жарақаты себеп. Былтыр аяғын ауыртып алған соң, Эльмира әлі 100 пайыз бабына енген жоқ. Оның үстіне, жартылай финалда кездескен Айпері Медетқызы да оңай қарсылас емес. Әлемдік деңгейдегі балуан.

Үшіншіден, әйелдер күресі Азия құрлығында өте жақсы дамыған. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында да негізінен азиялық қыздар топ жарады. Олимпиаданың екі дүркін, төрт дүркін чемпиондары да осы сары құрлықтан шықты. Жапония, Қытай, Моңғолия құрамаларымен әлем санасады. Үндістан да жақсы дамып келеді. Оның үстіне, Азиядағы үздік балуандардың басым көпшілігі Олимпиада жолдамасын алып қойған. Сондықтан, бірінші нөмірлердіңбарлығы дерлік Азия чемпионатына қатысты», - дейді бас бапкер.

Әңгіме барысында Қайрат Сағадиев тағы екі балуанымыздың қола медаль алатын мүмкіндігі болғанын айтты.

«55 келідегі Зүлфия Яхьярова тәжірибелі спортшы. Ол кіші финалда қырғыз қызымен кездесіп, психиологиялық тұрғыда қысымға шыдамады. Одан бөлек, соңғы ұпайды да төреші қарсыласқа  берді. Қанша дегенмен, жарысты қабылдаушы елдің спортшыларына қазылар оң көзбен қарайды. Ал 68 келідегі балуанымыз өз-өзінен жеңілді. Әйтпесе, тағы екі қола алатын мүмкіндік болған», - дейді ол.

Сөз соңында бас бапкер жас балуандардың жүлде алғанына қуанғанын жеткізді.

«57 келідегі Лаура Алмағанбетова Азия чемпионатына бірінші рет қатысып, жүлдегерлер қатарына енді. 72 келідегі Анастасия Панасовичті де атап өткім келеді. Ол да мұндай деңгейдегі жарыста алғаш рет бақ сынап, қола жүлдегер атанды. Бұл бізді қуантады, әрине. Эльмира Сыздықова алтын алып, Азияның үш дүркін чемпионы атанар деп едік. Бұл ойымыз орындалмай қалды. Бірақ ол да мықты қарсыластан ұтылды», - дейді Сағадиев.

Енді әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы 19-21 сәуір күндері Бішкекте өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысады.



Күн шежіресі