logo

Азамат Дәулетбеков: Хорватиядағы турнирде Олимпиада жылы басталғанын сездім

Азамат Дәулетбеков: Хорватиядағы турнирде Олимпиада жылы басталғанын сездім

Азамат Дәулетбеков «GRAND PRIX ZAGREB OPEN» халықаралық рейтингілік турнирінде екінші орын иеленді.

Олимпиада жылының басында Хорватияға көптеген мықты балуандар келіп, тартысты бәсеке орын алды.

Загребтегі белдесулері жайында Азамат Sport Plus Qazaqstan сайтына өз пікірімен бөлісті:

Жылдың басы болғандықтан, көп қатысушы келе қоймайды-ау деген қате пікірде болыппын. Олимпиада жылында мүмкіндік жібермей, әлемнің шет-шетінен біраз қарсылас жиналыпты. Бұл жарысқа өзім толыққанды дайындықта бармадым, себебі былтыр күзде қатарынан әлем чемпионаты мен Азия Ойындарына қатысқан соң, бір ай тыныққан едім. Таудағы жаттығу жиынына қатыстым, ал кілемдегі жаттығуым аздық етті. Дегенмен, мен үшін сәтті жарыс болды деп айта аламын. Бес белдесу өткіздім, өте жақсы тәжірибе алдым.

Париждегі Олимпиадаға дейін үш ірі жарысқа қатысу жоспары бар екен:

Қазақстан күрес федерациясының шешімімен ақпан айының басында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатынан босатылдым. Ендігі меже – Азия чемпионаты, біріншілік сәуірде Бішкекте өтеді. Одан кейін екі рейтингілік турнирге қатысып, Олимпиада Ойындарына дайындығымызды пысықтаймыз.

Азамат Дәулетбеков Загребтегі турнирде Дипак Пуния Yндістан 6:2, Валентин Бабил Украина 11:0, Евсем Швелидзе Грузия 10:0, Матт Файнсилвер Израиль 10:0 есебімен жеңді. Ақтық белдесуде Болгария Балуаны Магомед Рамазановқа 5:8 айырмашылығымен есе жіберді.