Астанада волейболдан әйелдер арасындағы сайыс өтуде
Астанада волейболдан Республика күніне арналған әйелдер арасындағы жарыс басталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Байқоңыр ауданындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясында екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бәсекеде 8 команда чемпиондық атақты сарапқа салып жатыр.
Жеребе қорытындысы бойынша, алғашқы кездесуде былтырғы чемпион Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясы мен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің жолдары түйісті.
Алғашқы раунд олимпиадалық жүйе бойынша өтетіндіктен, жеңілген ұжым бірден турнирмен қоштасатын еді. Сондықтан қос тарап та аянып қалмай, әр доп үшін жанталасты. Алғашқы 2 сетте командалар жеңіспен алмасса, нағыз жанталас шешуші сетте өрбіді.
Алғашқыда 7:2 есебімен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің арулары сенімді түрде алда тұрғанымен, алаң иелері тез арада жинақталып, қарсыластың қателесуіне жол берді. Нәтижесінде 15:11 есебімен Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының мұғалімдері жеңісті жұлып алды.
Енді олар жартылай финалда айналмалы жүйе бойынша чемпиондық атақтарын қорғауға тырысады.