Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогінің чемпиондары белгілі болды
Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Қорғаныс министрінің жүлдесіне қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының финалдық жекпе-жектері аяқталды, деп хабарлайды Sport +.
Әлемнің 15 елінен келген 200 мықты жауынгердің жекпе-жектері ерлер арасында он салмақ және әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Өзбекстаннан келген жауынгерлер алтын олжалады. Қазақстан командасы күміс жүлде, Беларусь командасы қола жүлде еншіледі.
Ерлер арасында жеке есепте Өзбекстаннан келген жауынгерлер Гийосиддин Джамолидинов (57 келі), Олимжон Нормуродов (67 келі), Азизхон Абдуллаев (73 келі) және Асадбек Хикматов (80 келі) чемпион атанды.
62, 88 және 97 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның спортшылары Айдын Нұриддинов, Бекзат Ақтанов және Мейрамбек Алматов жеңіске жетті.
73 келі жеңіл салмақ дәрежесінде беларусьтік Юрий Бондарев, 73 келіден жоғары абсолютті салмақта қазақстандық Асылбек Смайылов, 97 келіден жоғарыда өзбек жауынгері Ильёс Камилов үздік атанды.
Жекпе-жекте алтын медальдарды өзбек спортшылары Севара Садуллаева (48 келі), Сарвинозхон Облоназарова (58 келі), Хилола Ботирова (64 келі), Нилуфар Полвонова (70 келі) және 70 келіден аса абсолютті салмақта Умида Абдулаева жеңіп алды.
53 келіде салмақта қазақстандық спортшы Эмилия Ларионова, ал 58 келіден жоғары абсолютті салмақта отандасымыз Талшын Жұматаева чемпион атанды.