Астанада боччадан Әлем кубогының кезеңі аяқталды
Қазақстан астанасында 1–9 маусым аралығында Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өткен Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз боччадан Әлем кубогының кезеңін қабылдады. Бочча — паралимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі ең беделді және қарқынды дамып келе жатқан спорттардың бірі.
Турнир World Boccia ұйымының ресми халықаралық рейтингтік жарыстары жүйесіне енгізіліп, спортшылар үшін алдағы ірі халықаралық додаларға дайындықтың маңызды кезеңіне айналды.
Жарысқа Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Корея Республикасы, Португалия, Франция және басқа да елдердің әлемдік боччаның үздік өкілдері қатысты. Алты жарыс күні бойы спортшылар жекелей, жұптық және командалық санаттарда медальдарды сарапқа салып, жоғары шеберлік деңгейін, тактикалық дайындықтарын және тартысты бәсекені көрсетті.
Бәсекенің өте жоғары деңгейіне қарамастан, қазақстандық спортшылар әлем чемпионаттары мен Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін қоса алғанда, атақты қарсыластарын бірнеше рет жеңе алды. Ұлттық құрама сапындағы ең үздік нәтижені Эльмира Мұсралиева көрсетіп, боччадан Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалына шыққан Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды.
Командалық жарыстардың қорытындысы бойынша BC1 санатында Индонезия алтын, Португалия күміс, ал Корея Республикасы қола жүлдеге ие болды. BC3 санатында Франция жеңімпаз атанса, Италия екінші, Сингапур үшінші орынға тұрақтады. BC4 санатында Ұлыбритания жеңіске жетіп, Гонконг (ҚХР) күміс, Қытай қола медаль алды.
Astana 2026 World Boccia Cup турнирінің өткізілуі Қазақстанда боччаны дамыту жолындағы маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, бұл жарыс отандық спортшыларға өз алаңында әлемнің үздік бочча шеберлерімен күш сынасуға мүмкіндік берді.
Турнирге Паралимпиада ойындарының шамамен 20 чемпионы мен жүлдегері, сондай-ақ әлемдік рейтингтің көшбасшы спортшылары қатысты.