«Астана» ФК бұрынғы ойыншысы Урош Радакович: Түркия Суперлигасы қазақстандықтарға ұнайтынына сенімдімін, мұнда көптеген мықты клубтар мен ойыншылар бар
Бұрын «Астана» сапында ойнаған, қазіргі уақытта «Сивасспор» клубының қорғаушысы Урош Радакович Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында өзінің жаңа командасы туралы айтып, қазақстандық жанкүйерлерге сәлем жолдап, Түркия Суперлигасын көруге кеңес берді.
— Урош, қалыңыз қалай? Өміріңізде қандай өзгерістер бар?
— Барлық қазақстандықтарға және осы сұхбатты оқып жатқандарға сәлем жолдаймын. Өмірімдегі соңғы жаңалықтар: мен клуб пен қаланы ауыстырдым және қазір өзімді өте бақытты сезінемін. «Сивасспор» — өте жылы шырайлы клуб, қаланың тұрғындары да өте мейірімді, отбасым да қатты қуанышты.
— Қазір сіз Түркия Суперлигасында ойнап жүрсіз. Маусымның соңына дейін клуб қандай мақсаттар қойып отыр?
— Клуб өте тұрақты, соңғы жылдары олар еуро додаларға қатысып, кубок жеңіп алды, ал өткен маусымда еурокубоктарға қайта шығуға жақын болдық. Биылғы мақсатымыз — алғашқы бестікке еніп, халықаралық турнирлерге қатысу құқығын алу. Бұл оңай емес, бірақ мен өз командамызға сенемін және бірге бұған қол жеткіземіз деп үміттенемін.
— Биыл Түркия Суперлигасы Sport Plus Qazaqstan арнасында көрсетіледі. Осы чемпионат қазақстандық жанкүйерлердің қызығушылығын тудырады деп ойлайсыз ба?
— Түркия лигасын көрсететініңізді білмедім, бұл керемет жаңалық! Менің ойымша, біріншілік қазақстандықтарға ұнап қалар, себебі мұнда «Фенербахче», «Галатасарай», «Бешікташ» сынды мықты командалар мен керемет ойыншылар өнер көрсетеді. Өткен маусым өте қызықты өтті, чемпионаттың тағдыры соңғы аптада шешілген еді. Барлық қазақстандық жанкүйерлерге үлкен сәлем жолдаймын, мүмкін, біз әлі де Қазақстанда кездесетін шығармыз.