Анна Данилина Будапешт WTA 250 турнирінің финалына шықты
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Анна Данилина Будапешт (Мажарстан) WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Доданың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – ресейлік Ирина Хромачева жартылай финалда нидерландылық Изабель Ховерлаг – америкалық Кристина Росканың мысын басты.
Қазақстандық-ресейлік жұп айқын басымдылық танытты – 6:1, 6:3. 1 сағатқа созылған матчта олар 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есептеріне жазды. Нидерландылық-америкалық дуэт ештеңемен көзге түсе алған жоқ.
Анна Данилина – Ирина Хромачеваның финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 702-орындағы Зарина Дияс Витория-Гастейс (Испания) ITF W100 турнирінің екінші айналымында әлемнің 131-ракеткасы, франциялық Джессика Поншеге жол беріп, ширек финалға шыға алмай қалды – 1:6, 4:6.