Almaty Open: Дакворт Дардериді, Маннарино Рублевті жеңді

Almaty Open: Дакворт Дардериді, Маннарино Рублевті жеңді

Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінде негізгі жарыстың кезекті кездесулері аяқталды. Аустралиялық Джеймс Дакворт турнирдің екінші нөмірлі ойыншысы, италиялық Лучано Дардериді жеңсе, франциялық Адриан Маннарино төртінші нөмірмен тіркелген Андрей Рублевтен басым түсті.

Дакворт Дардериді екі сетте жеңді
Сейсенбі күні Almaty Arena кешенінің жабық хард кортында аустралиялық Джеймс Дакворт италиялық Лучано Дардериге қарсы кездесу өткізіп, 7:5, 7:6 (11:9) есебімен жеңіске жетті.

Бұл екі теннисшінің кәсіби деңгейдегі алғашқы кездесуі болды. Матч тартысты өтті. Аустралиялық спортшының басты артықшылықтарының бірі — допты ойынға сәтті қосуы. Дакворт 17 эйс орындап, бірінші доп беру кезіндегі ұпайлардың 88 пайызын жеңіп алды.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Дакворт Almaty Open турнирінің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, Алматыдағы жағдайдың өз ойын мәнеріне қолайлы екенін айтты.

«Ең алдымен, бұл турнирдің керемет екенін айтқым келеді. Мұнда ойыншыларға барлық жағдай жасалған. Қонақжайлылық, тамақтану, массаж мамандары, ойыншылармен жұмыс істейтін қызметкерлер — барлығы өте мейірімді әрі көмектесуге дайын. Оның үстіне мұнда кофесі де керемет. Алматыға қайта оралғанды ұнатамын. Маған жабық кортта ойнаған ұнайды, әсіресе теңіз деңгейінен сәл биікте орналасқан жерде. Менің ойымша, бұл мен үшін ең қолайлы жағдайлардың бірі. Осы екі фактор да жақсы ойнауыма айтарлықтай көмектеседі», — деді Дакворт.
Жеңіліске қарамастан, Лучано Дардери өз ойынына оң баға берді. Италиялық теннисші жылдам хард жабыны мен биіктік жағдайындағы ойынның өзі үйренген топырақ корттан айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті.

«Менің ойымша, бұл өте жақсы матч болды, әсіресе мұнда алғаш рет өнер көрсетіп жатқанымды ескерсек. Қарсыласым осы турнирде бұған дейін жақсы нәтижелерге қол жеткізген, сондықтан жергілікті жағдайға үйренген. Бүгін ол допты өте жақсы ойынға қосты. Екінші сетте менде бірнеше мүмкіндік болды, бірақ оларды пайдалана алмадым. Дегенмен теннистің ерекшелігі де осында. Өз ойыныма және көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Бұл — биылғы маусымдағы жабық корттағы алғашқы турнирім. Алда тағы екі жарыс бар, сондықтан келесі турнирлерге сенімді көңіл күймен барамын. Қазір жақсы деңгейде ойнап жүрмін», — деді Дардери.
Маннарино Рублевті үш сетте жеңді
Жарыс күнінің тағы бір тартысты кездесуі франциялық Адриан Маннарино мен турнирдің төртінші нөмірлі ойыншысы Андрей Рублев арасында өтті.

Үш сетке созылған матч 6:4, 3:6, 6:3 есебімен Маннариноның пайдасына аяқталды.

Франциялық теннисші қарсыласының қуатты шабуылдарына өзіндік ойын тактикасын қарсы қойды. Ол допты төмен траекториямен бағыттап, ойын қарқынын өзгертіп, артқы сызықта тұрақты өнер көрсетті.

Рублев белсенді шабуыл жасауға, артқы сызыққа жақынырақ орналасып ойнауға және доп беру жылдамдығын арттыруға тырысты. Алайда Маннарино допты ертерек қабылдап, қателіктер санын азайту арқылы қарсыласының басымдығын бейтараптандырды.

Бірінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жеткен француз екінші партияда 3:6 есебімен ұтылды. Дегенмен шешуші сетте Маннарино қайтадан бастаманы өз қолына алды.

Үшінші партияда ол бірінші доп беру кезіндегі ұпайлардың 77 пайызын жеңіп, маңызды брейк-пойнттарды сәтті пайдаланды. Ұзаққа созылған доп алмасулардағы тұрақты ойын Рублевтің қателіктер жіберуіне әсер етті. Шешуші брейк Маннариноға 6:3 есебімен жеңіске жетіп, келесі айналымға шығуға мүмкіндік берді.

Жеңіліске қарамастан, Андрей Рублев Алматыдағы турнир апталығы аясында ұйымдастырылған әлеуметтік іс-шарадан алған әсерімен бөлісті. Ресейлік теннисші аутизмі бар балалармен кездесіп, мұндай бастамалардың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Мен үшін бұл өте құнды тәжірибе. Балалар саған көп нәрсе үйретеді және кейде өзің бетпе-бет келгің келмейтін дүниелерді көрсетеді. Мәселе олармен теннис ойнауда немесе ойнамауда емес. Олармен бірге немен айналысқаным маңызды емес, бұл әрқашан ерекше тәжірибе. Өйткені олардан көп нәрсе үйренуге болады», — деді Рублев.
Турнир фавориттерінің бірін жеңген Адриан Маннарино Almaty Open жарысындағы өнерін жалғастырады. Франциялық теннисші сауатты тактика, дәл соққылар мен тұрақты ойынның қуатты шабуылға негізделген теннис стиліне қарсы тиімді болатынын көрсетті.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады. 



Күн шежіресі