logo

Али Алиев: Зайнутдиновке «Бешикташта» қиындау, себебі командада бәсекелестік өте жоғары, ал Айымбетов өз клубында бар күшін салу керек

Али Алиев: Зайнутдиновке «Бешикташта» қиындау, себебі командада бәсекелестік өте жоғары, ал Айымбетов өз клубында бар күшін салу керек

«Қызылжар» клубының бас бапкері, түрік клубтарының бұрынғы ойыншысы Али Алиев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында бауырлас елдің футбол деңгейі, Қазақстан футбол жүйесіне Түркиядан не үйренуі керек екені туралы айтты.

— Сіз Түркия чемпионатында футболшы кезіңізде өнер көрсеттіңіз. Қазіргі чемпионаттың деңгейі қандай?

— Түркия чемпионатының деңгейі барлық аспектілер бойынша назар аударуға лайықты: стадиондар, жанкүйерлер, өнер көрсететін легионерлер, үздік клубтарға ауысып жатқан жергілікті ойыншылар. Мысалы, «Реал Мадрид» сапына ауысқан Арда Гүлер. Сол себепті, Түркия чемпионатының деңгейі өте жоғары деп айтсақ болады.

— Түркия чемпионатында қандай командаларды бақылауға тұрарлық?

— Мен чемпионаттағы барлық дерлік командаларды бақылаймын, бірақ «Бешикташ» клубына көбірек көңіл бөлемін. Осы командаға көптен бері жанкүйермін.

— Айымбетов пен Зайнутдинов кездесулерде көбінесе қосалқы құрамды қалады. Ойыншылардың деңгейі Түркия чемпионатында ойнауға жетпейді ме?

— Жігіттердің ойынын қадағалап отырамын және оларға тезірек бастапқы құрамнан орын алуларына тілектеспін. Зайнутдиновке қиындау, себебі командада бәсекелестік өте жоғары, қателікке орын жоқ. Түркияда футболшының жеке шеберлігі маңызды рөл атқарады. Біз Бақтиермен бұл туралы сөйлестік. Ресей мен Қазақстанда тактика жүйелі және командалық ойынға құрылады, ал Түркияда атап өткендей жеке шеберлік маңызды. Қорғаныста да, шабуылда да қарсыласыңнан мықты болуың керек. Абаттың өзін көрсетуге көбірек мүмкіндігі бар. Ол үшін Абат бар күшін салу керек. Басқа бағытқа бөлетін заттарды ысырып қойып, ойынға ден қою қажет.

— Түркия чемпионатынан жалпы үйренетін сәттер көп пе?

— Менің ойымша, Түркия мен Қазақстан арасында жоғары деңгейде ынтымақтастық туралы келісімге қол қою қажет. Түркиядағы футболға қатысты барлық жүйені көшіріп алуға болады. Ол матчтарды ұйымдастырудан бастап, теле көрсетілім, стадиондар, командаларға арналған базаларға дейін. Бұл өте жақсы тәжірибе және ынтымақтастық болады деп ойлаймын.

Sport Plus Qazaqstan телеарнасы демалыс күндері Түркия чемпионатының үш матчын тікелей эфирде көрсетеді. Көрермендер «Трабзонспор» — «Башахшехир», «Бешикташ» — «Коньяспор» және «Самсунспор» — «Фенербахче» матчтарын тамашалай алады.