logo

Grand Slam турнирі: Дәурен Сүйеукенов қолаға қол жеткізді

Grand Slam турнирі: Дәурен Сүйеукенов қолаға қол жеткізді

Абу Дабиде дзюдодан өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінде Дәурен Сүйеукенов қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

60 келіде сынға түскен отандасымыз үшінші орын үшін белдесуде командаласы Мағжан Шамшадиннен басым түсті. Белдесу барысында белсенділік танытпағаны үшін төреші Шамшадинге 2 рет ескерту берген еді. Алайда, нәтижелі әдіс болмағандықтан соңғы сәтте қос балуан тағы да ескерту иеленіп, нәтижесінде 3-ші шидоны алған Мағжан жүлдесіз қалды.

Бүгінгі турнир барысында Сүйеукенов алғашқы белдесулерінде Молдова және Әзірбайжан өкілдерін жеңгенімен, ширек финалда IJF командасының мүшесі Изнаур Сааевтан айласын асыра алмады. Ал, жұбаныш белдесуінде Өзбекстан өкілін ұтқан ол қола жүлде үшін күресте Қазақстанның өзге дзюдошысымен үшінші орынды сарапқа салды. 

Мағжан Шамшадин турнирді екінші айналымнан бастап, жартылай финалға дейін жетті. Бірақ финалға шығар жолда Франция өкілі Цедрик Револға жол берді.