Жібек Құламбаева Польшадағы турнирде жеңімпаз атанды
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Бытом (Польша) ITF W50 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші италиялық Николь Фосса Уергамен бірге барлығы төрт кездесуді сәтті аяқтады. Қазақстандық-италиялық дуэт финалда доданың 2-ракеткалары, украиналықтар Марина Колб – Надя Колбпен бас жүлдені сарапқа салды.
Жібек Құламбаева – Николь Фосса Уерга 7:6 (8:6), 6:2 есебімен жеңіске жетті. Финалдық бәсеке сағат жарымнан артық уақытқа созылды. Қазақстандық теннисші жұптық сында WTA рейтингісінде 138-орында тұр.
Тағы бір қазақстандық Соня Жиенбаева жекелей сында Өскеменде өтіп жатқан ITF W15 турнирінің финалына шықты. Ол жартылай финалда ресейлік Варвара Паньшинаның мысын басты – 7:5, 6:2.
С.Жиенбаева соңғы матчта ресейлік Алиса Кюммельмен чемпиондық атақ үшін таласады.