Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Колумбияның Сопо қаласында өткен WTA 125 санатындағы турнирдің жұптық сынында жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport+.

Отандасымыз словениялық Вероника Эрьявецпен бірге финалда чехиялық Лаура Самсон мен словениялық Тамара Зиданшек жұбын 5:7, 6:2, 14:12 есебімен жеңді.

Бұл — Құламбаеваның 2026 жылғы сегізінші чемпиондық атағы. Оның біреуін жекелей сында Үндістандағы ITF 15 турнирінде жеңіп алған. Ал жұптық сындағы жеті титулының алтауы ITF жарыстарына тиесілі. Қыркүйекте қазақстандық теннисші аустралиялық Габриэлла Фикпен бірге Португалиядағы WTA 125 турнирінде топ жарған болатын.

Жібек Құламбаева жұптық сында Анна Данилинадан (WTA рейтингінде 7-орын) кейінгі Қазақстанның екінші ракеткасы саналады. Дүйсенбі күні жаңартылатын WTA рейтингінде ол 86-орынға көтеріліп, жеке рекордын жаңартады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Құламбаева жекелей сындағы әлемдік рейтингте 381-орында тұр.