Жалғас Жұмағұловтың чемпиондық жекпе-жегі нәтижесіз деп танылды
Қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұлов Oktagon ұйымының жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін жеңіп ала алмады. Оның Братиславада өткен Oktagon 89 турнирінде қазіргі чемпион Игор Севериноға қарсы жекпе-жегі нәтижесіз деп танылды, деп хабарлайды Sport+ Спорт Шредингера телеграмм-каналына сілтеме жасап.
Ұйымның аса жеңіл салмақтағы чемпионы саналатын Жұмағұлов екінші титул үшін 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне көтерілген болатын. Алайда жекпе-жек екінші раундта қарсыласының тыйым салынған соққысынан кейін мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Қазақстандық спортшыға қалпына келу үшін бес минут уақыт берілді, алайда ол жекпе-жекті жалғастыра алмады. Дәрігер мен төрешілердің кеңесінен кейін кездесуді тоқтатып, оны нәтижесіз деп тану туралы шешім қабылданды.
Жекпе-жектен кейін Жұмағұлов қарсыласының бірнеше рет ереже бұзғанын айтып, реванш өткізуге ниетті екенін жеткізді:
«Баршаңыздан кешірім сұраймын. Мен соңына дейін айқастым, бірақ оның қандай лас тәсілмен жұдырықтасқанын өздеріңіз көрдіңіздер! Егер шап тұсым ауырып тұрса, мен не істей аламын? Ол желкеден де ұрды, соған қарамастан жекпе-жекті жалғастырдым. Шап тұсынан ұрды, баспен соқты. Әрине, мен реванш қалаймын!» – деді Жұмағұлов.
Осылайша, қазақстандық файтердің Oktagon ұйымында қос салмақта чемпион атану талпынысы нәтижесіз аяқталды. Енді қарымта жекпе-жектің тағдыры кейінірек шешілетін болады.