Жалғас Жұмағұлов Севериноға қарсы жекпе-жек туралы: Егер мұндай әрекеттер ескерусіз қалса, бір күні бұл біреудің мүгедек болып қалуына әкелуі мүмкін
Қазақстандық файтер, Oktagon лигасының чемпионы Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында бразилиялық Игор Северино тарапынан жасалған тыйым салынған соққыларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+.
«Кеше өтпей қалған жекпе-жекке байланысты жағдайға түсініктеме бергім келеді.
Мансабымда талай әділетсіз қарсыласпен кездестім, бірақ олардың ешқайсысы адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай лас әрі қауіпті әрекеттерге барған емес.
Мұны өзімді ақтау немесе дабыра жасау үшін жазып отырған жоқпын. Тек ұйымдастырушылардың назарын болған жағдайға аударып, осы спортшының болашақ қарсыластарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткім келеді. Егер мұндай әрекеттер назардан тыс қалса, бір күні бұл біреудің ауыр жарақат алуына немесе тіпті мүгедек болып қалуына себеп болуы мүмкін.
Біз қарсыластың алғашқы раундта өте қауіпті болатынын жақсы түсіндік және соған дайын болдық. Алайда ешқандай нокдаун болған жоқ. Менің жағдайымның нашарлауына оның саусағымен көзіме тигізуі себеп болды. Осыдан кейін көзім қос көріп, торға қарай шегінуге мәжбүр болдым әрі тек мінезім мен инстинктіме сүйеніп әрекет еттім.
Қазіргі таңда оң көзім көрмей тұр. Бұл уақытша ма, әлде тұрақты ма — оны алдағы медициналық тексерулер көрсетеді. Бірақ әзірге факт өзгермейді: сол эпизодтан кейін оң көзімнің көру қабілетін жоғалттым.
Екінші раундта өз-өзіме келе бастадым және біртіндеп бастаманы қолға алдым. Қарсыласымның шаршай бастағанын көрдім: соққыларының қуаты азайып, жылдамдығы төмендеді, ал менің дәл тиген соққыларым оған айтарлықтай әсер ете бастады. Бір сәтте жағдайдың ол үшін күрделене түскені анық байқалды. Дәл осыдан кейін ол маған шап тұсынан соққы жасады.
Айта кеткім келеді, бұл соққы әдейі жасалды. Қарсыласым менен әлдеқайда бойшаң, сондықтан мұны кездейсоқтық деп түсіндіру өте қиын. Егер аяқпен жасалған соққы болса, қателікке жол берілді деуге болар еді. Бірақ қолмен шап тұсынан соққыны саналы түрде жасады және менің ойымша, жекпе-жектің қарқынын тоқтатып, уақыт ұтып, демалып алу мақсатында істеді.
Одан бөлек, соққыдан кейін мен тоқтадым, ал қарсылас болған жағдайды түсіне тұра, басыма және бетіме соққы жасауды жалғастырды. Егер мен бір нәрсені қолдан жасап көрсеткім келсе, бетімді ұстап, төрешімен дауласа берер едім. Бірақ мен кілемге құлап, дәл шап тұсымды ұстап жаттым, өйткені шынайы жарақат алдым.
Дәрігерлер гематоманың бар екенін ресми түрде растады. Жекпе-жектен кейін медициналық қызметкерлер зәр шығарған кезде қан болғанын да тіркеді. Бұл алған жарақаттың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді.
Біз командамызбен қарсыластың күшті және әлсіз жақтарын жақсы білдік. Оның жекпе-жек басында қауіпті екенін, бірақ уақыт өте қарқыны бәсеңдейтінін түсіндік. Ол да менің бірнеше раунд бойы жоғары қарқында жұмыс істей алатынымды жақсы білді. Сондықтан бұл әрекеттердің көпшілігі спорттық шеберлік арқылы емес, ережені өрескел бұзу арқылы артықшылық алуға бағытталған деп есептеуге толық негізім бар.
Сонымен қатар, жекпе-жек барысында қарсылас бірнеше рет желкеме соққы жасап, басын пайдаланды. Мұндай әрекеттер кәсіби спортта мүлде жол берілмейді және спортшының денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Барлығы менің әрқашан соңына дейін күресетінімді және ешқашан жеңіл жол іздемейтінімді біледі. Бірақ бұл жерде мәселе мінезде немесе жекпе-жекті жалғастыру ниетінде емес. Мәселе — денсаулығыма тікелей қауіп төндірген жүйелі әрі өрескел ереже бұзушылықтарда.
Сондықтан төрешінің жұмысына қатысты да маңызды сұрақтар туындайды. Ол желкеге жасалған соққыларды да, қауіпті эпизодтарды да көрді, бірақ қажетті шараларды қабылдамады. Соның салдарынан желкем қатты зақымданып, әлі күнге дейін ісіп тұр.
Ұйымдастырушылар бұл жағдайды жан-жақты зерттеп, спортшы мен төрешілер бригадасының әрекетіне әділ баға береді және мұндай жағдайлардың қайталанбауына ықпал ететін шешімдер қабылдайды деп үміттенемін.
Спорт әділ бәсекенің, өзара құрметтің және ерліктің алаңы болып қалуы керек. Жеңіске шеберлікпен, мінезбен және дайындықпен жету қажет, ал лас әдістер мен ереже бұзушылықтар арқылы емес», — деп жазды Жұмағұлов.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов пен Игор Северино арасындағы жекпе-жек екінші раундта қазақстандық спортшыға шап тұсынан жасалған соққыдан кейін тоқтатылды.