logo

Жалғас Жұмағұлов OKTAGON лигасымен келісімшарты туралы: Жаңа лигаға жеке шарттар қойдым, егер UFC ұсыныс жасаса, олар мені жібереді

Жалғас Жұмағұлов OKTAGON лигасымен келісімшарты туралы: Жаңа лигаға жеке шарттар қойдым, егер UFC ұсыныс жасаса, олар мені жібереді

Қазақстандық жауынгер Жалғас Жұмағұлов Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында жаңа лигамен келісімшарт туралы айтып, қарсыласына баға берді.

«Еуропалық OKTAGON лигасымен келісімшарт жасастым. Келісімшарт үш жекпе-жекке, шарттары жақсы, жеке мен үшін жасалған. Егер Қазақстанда үлкен жекпе-жектер болса, төбелесуге мүмкіндік береді. Егер UFC келісімшарт ұсынса, еш қиындықсыз жібереді деген келісім бар. Ұсыныстар көп болды. Бірақ біз менеджерім Саятпен бірге (Әбдірахманов — Sport Plus Qazaqstan) OKTAGON лигасын таңдадық. Лига дамып келеді, олардың жанкүйерлері жақсы. Олар жарыстарды үлкен ареналарда өткізіп, 50-60 мың адам жинайды».   

Сондай-ақ, Жұмағұлов қарсыласы Аарон Эйби туралы айтты.

«Қарсылас — бұрынғы белбеуге үміткер. Ол тәжірибелі және мықты жауынгер. Сонымен қатар жан-жақты: ұрып-соғып, күресе алады. Мақты қасиеті — функционалды дайындығы. Ол жақсы дем алады, жекпе-жек кезінде қарқыны жақсы. Қазір Ақтөбеде дайындалып жатырмын. Мен осында бір ай болдым, бұған дейін АҚШ-та үш ай болдым, ол жақта дайындалып, салмақ ұстап тұрдым. Оралғаннан кейін акклиматизация ауыр болды, ауырып қалдым. Енді ғана қалпына келіп, жаттығуды бастадым. Бұл қиын болды, бірақ әлі уақыт бар. Бұған дейін ешкім көмектеспеді, Әліби Ыдырыс қазір ғана оралды, бірақ оның да бейімделуі жүріп жатыр», — деді Жалғас.

Естеріңізге сала кетейік, Жалғастың OKTAGON лигасындағы дебюттік жекпе–жегі ағымдағы жылдың 9 қарашасында Словакия астанасы Братислава қаласында өтеді.