Виктор Кумыков: «Қайсар» бюджетінің 500 миллионы қарыздарды жабуға кетті
Кеше ғана өзінің 60 жас мерей тойын тойлаған «Қайсардың» бапкері Виктор Кумыков Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында клубтың қаржылық жағдайы және белорус жартылай қорғаушысы туралы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
- Мен құрамның күшейгенін қалаймын, бірақ ол болмайды. Бізде 1,2 млрд теңге бюджет бар, оның 500 миллионы қарыздарды жабу үшін, ал 200 миллионы Бірінші лигада өнер көрсететін командаға кетеді. Егер қосымша қаржыландыру болса, жаңа ойыншылармен күшейуге болар еді. Біз Валерий Громыконы жақсы алдық, бірақ онымен келісімшарт үш айға ғана жасалды. Громыко кетуі мүмкін. Егер басқа футболшыларды шақырса, біз оларды да ұстамайтын шығармыз, - деді тәжірибелі бапкер.
12 мамырда қызылордалық «Қайсар» Olimpbet QFL Қазақстан чемпионатының 8-ші туры аясында сырт алаңда «Астанамен» тең түсті. Есеп 1:1. «Қайсардың» сапында жалғыз голдың авторы Валерий Громыко атанды.