logo

«Астана» мен «Қайсар» тең түсті

«Астана» мен «Қайсар» тең түсті

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VIII турында тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Елордалық команда Алматы қаласында Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. 

«Астана» ішкі біріншіліктегі кейінгі кездесулерін ала-құла өткізіп жүр. Соның салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.

Биыл бас жүлдеге қол созамыз деген үмітпен қаншама тәжірибелі футболшыларды қатарға қосқан ұжым үшін енді әрбір кездесуде үш ұпайға қол жеткізу өте маңызды екені анық. 

Алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысқан елордалық клуб қатарынан бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Алайда олар бірінші кезеңде діттеген мақсатына жеткен жоқ. Таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. 

Екінші таймда елордалық шабуылшы Марин Томасов 57-минутта өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Оған 93-минутта «Қайсар» сапынан Валерий Громыко бір голмен жауап қайырды. Осылайша командалар 1:1 есебімен тең тарқасты.