logo

US Open: іріктеу турнирінде Жұқаев пен Скатов өзара кездеседі

US Open: іріктеу турнирінде Жұқаев пен Скатов өзара кездеседі

Қазақстандықтар 23 жастағы Бейбіт Жұқаев пен Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Аталмыш жарысқа алғаш рет қатысып жатқан, дүниежүзілік рейтингіде 218-орында тұрған Бейбіт әлемнің 165-ракеткасы, швейцариялық, 28 жастағы тісқаққан ойыншы Марк-Андреа Хуслермен күш сынасты.

Бірінші партияда Жұқаев тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).

Екінші сетте 2:0 есебімен алға шыққан Ақтау теннис мектебінің түлегі сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Бір сағат 37 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 11 эйс жасап, 2 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Хуслер эйс санын 9-ға жеткізгенімен, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 190-сатыдағы Тимофей Скатов өзінен 11 жасқа үлкендігі бар, әлемнің 128-ракеткасы, аргентиналық Факундо Баньиспен сынға түсті.

Бірінші партияда тәжірибелі Баньис тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:5).

Екіншісінде Скатов есе қайырды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші сетте Тимофей 5:1 есебімен алға кетті. Сосын матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Екі сағат 52 минутқа созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы 7 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Баньис 7 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, іріктеу сайыстарының жартылай финалында Б.Жұқаев пен Т.Скатов өзара кездесіп, кім мықтыны анықтайды. Жеңгені іріктеу турнирінің финалына шығады.

Өткен жылы Тимофей Скатов іріктеуден сәтті өтіп, АҚШ чемпионатының алғашқы айналымына дейін жеткен.