logo

US Open финалистері анықталды

US Open финалистері анықталды

АҚШ ашық чемпионатында әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Kazinform Агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Соңғы бәсекеге бірінші болып әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко жолдама алды.

А. Соболенко жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Эмма Наварродан айласын асырды – 6:3, 7:6 (7:2).

Бір сағат 33 минутқа созылған матчта Соболенко 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Наварро 1 эйс, 2 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.

Арина Соболенко өткен жылы да финалда ойнап, тағы бір америкалық Кори Гауфқа есе жіберген еді.

А. Соболенко екінші жыл қатарынан хард төсенішінде өтетін қос бірдей «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шығып отыр. 2023 және 2024 жылдары ол Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Мұндай нәтижеге осы кезге дейін теннис тарихында Штеффи Граф, Моника Селеш, Мартина Хингис және Виктория Азаренко қол жеткізген.

Биыл АҚШ додасында беларусь теннисшісімен чемпиондық атақты америкалық, әлемнің 6-ракеткасы Джессика Пегула сарапқа салады. Ол камбэк жасап, дүниежүзілік рейтингіде 52-орында тұрған чехиялық Каролина Мухованы қапы қалдырды – 1:6, 6:4, 6:2.

Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты ойында америкалық теннисші 1 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді. Мухова 6 эйс, 4 брейкті (11 брейк-пойнт) қанағат тұтты.



Күн шежіресі