logo

UFC жауынгері Бекзат Алмаханның менеджері: Қарсылас кім екені маңызды емес, бізге өзімізді көрсету керек

UFC жауынгері Бекзат Алмаханның менеджері: Қарсылас кім екені маңызды емес, бізге өзімізді көрсету керек

Бекзат Алмаханның менеджері және OCTAGON лигасының басшысы Нураддин Садықов Sportnews.kz сайтына қазақстандық файтердің дайындығы мен UFC-дегі екінші қарсыласы — канадалық Брэд Катон (ММА-де 14-4, UFC-де 4-4) туралы айтып берді, деп хабарлайды Sport+.

«Бекзат жақсы бабында. Біз UFC октагонына шығуды асыға күттік. Ең бастысы — жекпе-жек мерзімі мен қарсылас белгілі. Бекзаттың өзі де жекпе-жекке дайын. Бізге кім берілсе, сонымен шығуға әзірміз. Қазір жоспарымыз — тек жекпе-жек өткізіп, жеңіске жету!» — деді Садықов.

Оның айтуынша, басқа нұсқалар қарастырылмаған, өйткені UFC — қарсылас таңдауға мүмкіндік беретін ұйым емес.

«Қарсылас пен жекпе-жек белгіленді — келісу керек. Келісім 10 күнге созылды, себебі турнир белгілі бір себептерге байланысты (мүмкін, саяси) өтпей қалу қаупі болды. Біз бастапқыда ақпан немесе наурызда шығуды жоспарладық, ең болмағанда сәуірде. Бірақ не болса да, қарсылас кім екені маңызды емес, бізге өзімізді мықты көрсету керек», — деді менеджер.

Бекзаттың дайындығы туралы:

«Алғашқы дайындық кезеңі Алматыда өтеді. Одан кейін спортшы Канада уақытына бейімделу үшін АҚШ-қа ұшады. Қазіргі уақытта Бекзаттың ақпанның соңына дейін жарамды визасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде».

Жекпе-жекке Алмаханмен бірге бапкерлері Данеш Дүнгенбаев, Қанат Рахымов және Нураддин Садықов барады.



Күн шежіресі