UFC турнирінің басты жекпе-жегі тұншықтырумен аяқталды
Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен UFC Fight Night турнирінде поляк Марчин Тыбура аустралиялық Тай Туивасаны уақытынан бұрын жеңді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ауыр салмақтағы (120,2 келіге дейін) спортшылар арасындағы текетірес кештің басты оқиғасы болды. Жекпе-жек бес раундқа жоспарланған болатын, алайда алғашқы бес минутта аяқталды.
Бастапқыда Туиваса өзінің стилінде жылдам нокаутқа түсіруге тырысып, басымдыққа ие болды. Тыбура қарсыласының шабуылына төтеп бергенімен, басынан ауыр жарақат алып, әрі қарай жекпе-жек «қанды текетіреске» айналды.
Көп ұзамай поляк тейкдаун жасап, партерде үстемдікке қол жеткізді. Қарсыласының арқасынан басып, Тыбура оны тұншықтыра бастады. Туиваса бұған ұзақ шыдады, бірақ бәрібір есінен тана бастағасын, төреші жекпе-жекті тоқтатты.