logo

Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко челленджер турнирлерін жеңіспен бастады

Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко челленджер турнирлерін жеңіспен бастады

Қазақстандық, әлемнің 230-ракеткасы Тимофей Скатов Зальцбург (Аустрия) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда жергілікті спортшы, дүниежүзілік рейтингіде 581-орында тұрған Давид Пихлердің мысын басты. 

Тартысты өрбіген бірінші партияда Скатов тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екіншісінде айқын басымдылық танытты – 6:1.

Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында Тимофей 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Пихлер 5 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 86-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейромен шеберлік таластырады. 

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық, әлемнің 222-ракеткасы Дмитрий Попко Яссы (Румыния) челленджер додасының алғашқы айналымынан іркілмей өтті. Ол әлемнің 214-ракеткасы, боливиялық Муркель Алехандро Деллиен Веласконы жолдан тайдырды – 6:4, 6:2. Бір сағат 20 минуттық матчта Попко 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 3 эйспен шектелді.

7 шілде күні Д.Попко Брашов (Румыния) жарысының финалында дәл осы теннисшіден ұтылып қалған еді. Сондағы кеткен есені қайтара білді. 

Дмитрий Попко Яссыда екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 376-сатыдағы румыниялық Сезар Крецумен жолығады.



Күн шежіресі