Теннистен Билли Джин Кинг кубогі: Жапония құрамасы алғаш рет финалдық кезеңге жолдама алды
Токио қаласында Билли Джин Кинг кубогінің Жапония – Қазақстан іріктеу матчында корт иелері жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Сенбі күні кортқа алғашқы болып Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева мен дүниежүзілік рейтингіде 79-орында тұрған Нао Хибино шықты.
Бірінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Хибино брейк жасап, бұл оған жеткілікті болды – 6:4.
Екінші партияда Путинцева қарымта қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші екі рет брейк жасағанымен, жапониялық спортшы ізінше таразы басын теңестіріп отырды. Тай-брейкте Путинцева төрт матчболын пайдалана алмай, жеңіліс тапты – 6:7 (7:9).
Бір сағат 42 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Хибино 2 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Жапония құрамасы 3:0 есебімен алға шығып, алғаш рет Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды.
Жапония – Қазақстан матчында қалған ойын нәтижесі ештеңені шешпейді.