Тамирлан Гайтамиров: Бәріміз бір бағытта қозғалып, еліміз үшін күресуге дайынбыз

«Барыс» пен Қазақстан құрамасының ойыншысы, Qazaqstan Hockey Open турнирінің үздік қорғаушысы деп танылған Тамирлан Гайтамиров Sport+ тілшісіне берген сұхбатта Беларуське қарсы өткен матчты және әлем чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңін қорытындылады.
— Тамирлан, турнирдегі екінші ойынды лайықты деңгейде өткіздіңіздер. Не айтасыз?
— Жақсы әрі қарқынды ойын болды. Қарсылас та мықты, Беларусь құрамасына сапалы ойын үшін алғыс айтамын. Мұндай күшті командалармен матч өткізу — тамаша тәжірибе. Әлем чемпионатында да шамамен осындай қарсыластар күтіп тұр. Әрине, жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тырыстық, бірақ бұл екі кездесуді маусымның басты бастамасына дайындық кезеңі деп қарауымыз керек. Енді бапкерлер штабы біздің қателіктерімізді сараптап, келесі қадамда не істеу керектігін көрсетеді. Алда көп уақыт жоқ, сондықтан Даниядағы ойындарға дейінгі кезеңді барынша нәтижелі өткізуіміз қажет.
— Беларусьпен өткен матчтың соңында аздап шиеленіс болды, бірнеше қақтығыс орын алды, дегенмен бұл тек жолдастық турнир ғой?
— Иә, турнир жолдастық болғанымен, бұл — хоккей. Ешкім жеңілгісі келмейді, бәрі өз мінезін көрсетеді. Қандай матч болса да, біз мұз айдынына тек жеңіс үшін шығамыз, жанкүйерлерге әдемі ойын көрсетуге тырысамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтқым келеді — трибуна өте шулы болды. Бұл жолы нәтиже болмады, бірақ алда бізді қуанышты сәттер күтеді деп үміттенеміз.
— Әлем чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңін қалай бағалайсыз?
— Жақсы жұмыс атқардық. Бірақ 100 пайыз өзімізге риза болуға болмайды, әрдайым өсу керек. Бапкерлер қандай хоккей ойнауымыз керектігін, қай бағытта қозғалатынымызды нақты түсіндірді. Бізге Леонид Григорьевич Тамбиев те қосылды, бұл да ерекше тәжірибе, оның өз көзқарасы бар. Енді тек жоспар бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Бәріміз бір бағытта қозғалып, еліміз үшін күресуге дайынбыз.
— Қақпашы мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бүгін Максим Павленко жақсы ойын көрсетті ме?
— Әрине, клуб пен құраманың екі негізгі қақпашысы жарақат алса, бұл елеусіз қалмайды. Бірақ бұл — спорт, мұндайдан ешкім сақтанбаған. Бүгін Макс Павленко сенімді ойнады, бізді ойынға қайта-қайта алып келіп отырды. Жалпы алғанда, бізде үш жоғары деңгейлі қақпашы бар. Ал біз, қорғаушылар, өз жұмысымызды істеуіміз керек: қорғаныста мұқият ойнап, соққыларды жауып, кім қақпада тұрса да, бір команда секілді әрекет етуіміз қажет — мейлі ол Макс болсын, Серега Кудрявцев не Джела Амирбеков болсын.
— Данияда өтетін топтық кезеңдегі қарсыластар туралы не айтасыз? Кестеге қарасақ, алғашқы үш матч шешуші секілді?
— Бұл пікірмен толық келіспеймін. Біз үшін әрбір ойын маңызды болады — алғашқысы да, соңғысы да. Бапкерлер талай рет айтты — біз үшін кіммен ойнайтынымыз маңызды емес. Қарсыластарды бәрі жақсы біледі. Сондықтан әр матчқа 200 пайыз дайындықпен шығу керек, тек жеңіс үшін ойнауымыз қажет. Бізге осындай құрмет бұйырды — элитадағы әлем чемпионатында ел намысын қорғау. Бұл міндетті абыроймен атқарып, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.