Талғардағы ҚФФ Академиясы: Скотт Манн құрылыс барысымен танысты
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн Алматы халықаралық әуежайының қолдауымен бой көтеріп жатқан жаңа академия құрылысының қазіргі жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 13-20 шілде аралығындағы есепке сәйкес, жалпы құрылыстың ілгерілеуі 40%-ды құрайды.
Құрылыс жұмыстары кешеннің барлық негізгі блоктары бойынша қарқынды түрде жүргізілуде:
1-блок (спорттық корпус): нысанда жабын тақтасын жабдықтау жұмыстары орындалуда.
2-блок (әкімшілік корпус): жабын тақтасының қаптауларын құрастыру және қоршауларды қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
3-блок (жатақхана): құрылысшылар 3-қабаттың қабырғалары мен бағандарын бетондауды жүзеге асыруда.
Еске сала кетейік, жоба құрамына жабық футбол залы, спорт кешені, медициналық және оңалту кабинеттері, сондай-ақ 150-ге жуық тәрбиеленуші мен персоналдың тұруына арналған төрт қабатты жатақхана кіреді.
Академияда 14 жастан 16 жасқа дейінгі футболшылар білім алып, жаттығады — олар Қазақстан жастар және ұлттық құрамаларының болашақ ойыншылары. KFF Academy құрылысы еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы маңызды қадам болмақ.