Тактика мен мінез арқылы алып шықты: Айдар Махметов Қабдрахманов пен Жеңісұлының жекпе-жегін талдады

Айдар Махметов NAIZA турнирінде Ақтауда өткен Нұрбек Қабдрахманов пен Бағлан Жеңісұлы арасындағы титулдық жекпе-жекті арнайы Sport+ үшін талдап берді.
«Нұрбек үшін бұл жекпе-жек оңай болмайтынын алдын ала болжадым. Бағлан — UFC-де өнер көрсеткен жоғары деңгейлі спортшы. Иә, ол жеңілді, бірақ ол лигаға қабылдануы — оның деңгейін көрсетеді. Қазір де ол Road to UFC арқылы қайта оралуға тырысып жүр. Оны тағы да сол жерде көреміз деп үміттенемін. Бұл жолы Бағлан әмбебап стильде өнер көрсетті, негізінен қолмен соққы беруге ден қойды. Бойындағы үлкен айырмашылыққа қарамастан, ол соққыларын Нұрбекке дарыта білді. Тек күрес жағынан сәл ақсады, бірақ ол лайықты жекпе-жек өткізіп, Нұрбекке едәуір қарсылық көрсетті.
Қабдрахманов жайлы айтсам, ең алдымен кемшіліктеріне тоқталғым келеді. Киосседен алған жеңілістен кейін ол әлі толықтай қалпына келмеген секілді, оның әрекеттерінен сенімділік байқалмады. Оның салмақта бойының ұзындығы артықшылық болып көрінеді, бірақ ол бұл мүмкіндігін тиімді пайдаланбады. Бокс жағынан дайындықты күшейту керек. Ол қарсыласын аяқпен және қолмен «атқылауы» керек еді, бірақ мұны істемей, жеке соққыларға ғана иек артты. Сонымен қатар, Нұрбек көп соққы жіберіп алды, кейбірі өте ауыр тиді.
4-5 раундта ол аяққа өтіп, қарсыласын аударып, үстіне шыға білді — осы тактикасы нәтиже берді. 4-раундқа дейін жағдай біржақты болмағандай көрінді, бірақ кейін мінез көрсетіп, жеңісті жұлып әкетті. Мен үшін Нұрбек — бөтен адам емес, біз бірге жаттықтық, жиі әңгімелестік, мен оны қатты сыйлаймын және оның шеберлік жағынан өскенін көргім келеді. Ол Эминовпен өткізген жекпе-жегінде көрсеткен деңгейін қайталауы қажет — көбірек комбинациялық жұмыс, күреске азырақ мән беру. Меніңше, ол мұның бәріне қол жеткізе алады және оны титулын қорғауымен құттықтаймын».