Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайына қатысты пікір білдіріп, спортшыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Sport+.

«Жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваның ісі бойынша Спорттық арбитраж сотына (CAS) жүгінді. Қазір ең бастысы — мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу. Кінәні бір адамға арту қиын, жауапкершілік барлығына ортақ. Сонымен қатар спортшыларға қолдау көрсету маңызды. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Ясминаның Азия ойындарында көрсеткен нәтижесі оның Олимпиада медаліне таласуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Сондықтан федерация бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған пәтердің кілтін оған табыстады. Бұдан бөлек, бұған дейінгі жоғары нәтижелері ескеріліп, Ясмина мемлекеттік наградаға ұсынылды. Біздің басты мақсатымыз — спортшыларға жан-жақты қолдау көрсету», — деді министр.