Қазақстандық қылышшылар Үндістандағы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден 2026 жылғы Азия чемпионатында командалық жарыстар басталды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық қылышшылар құрлық біріншілігінде үшінші орын алып, ел қоржынына кезекті медаль салды.
Турнир барысында Қазақстан құрамасы Иранды (45:33) және Өзбекстанды (45:43) жеңді. Алайда жартылай финалда қазақстандық спортшылар Олимпиада чемпиондары саналатын Оңтүстік Корея құрамасына 34:45 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде команда жарысты қола медальмен аяқтады.
Жүлдегерлер қатарында Артем Саркисян, Жанат Нәбиев, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан бар.
Айта кетейік, бұған дейін осы чемпионатта шпагашы Ирина Бакалдина алтын медаль жеңіп алса, Руслан Курбанов қола жүлдегер атанған болатын.