Скотт Манн: УЕФА Суперкубогын өткізу – Қазақстан үшін үлкен әрі маңызды оқиға

Скотт Манн: УЕФА Суперкубогын өткізу – Қазақстан үшін үлкен әрі маңызды оқиға

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында «Астана Арена» стадионының 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы өтетін алаң ретінде таңдалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Бұл жоба бірнеше жылдан бері Федерацияның назарында. Мен Қазақстанға келу туралы алғаш келіссөздер жүргізген кездің өзінде Федерация президенті осы бастаманың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болды. Халықаралық департамент бастаған команда да орасан жұмыс атқарды.

Шын мәнінде, бұл — Қазақстан үшін ауқымды әрі маңызды оқиға. Біз елімізде әлемнің ең үздік клубтарының қатысуымен өтетін жоғары деңгейдегі матчты тамашалау мүмкіндігіне ие боламыз.

Менің ойымша, бұл Қазақстан үшін бірнеше тұрғыдан маңызды.

Біріншіден, оның экономикалық әсері зор. Әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер мен қонақтар Астанаға келеді. Олар қаламен және жалпы Қазақстанмен танысып, біздің инфрақұрылымымызды, стадионымызды көреді, жергілікті мәдениетпен жақынырақ танысады, мейрамханаларға барып, қонақүйлерде тоқтайды. Мұның барлығы ел экономикасына және туристік әлеуетіне оң әсер етеді.

Екіншіден, бұл — қазақстандық футболды халықаралық деңгейде танытудың үлкен мүмкіндігі. Бізде сапалы футбол өнімі мен жоғары деңгейдегі іс-шаралар бар. Енді олардың қатарына тағы бір ірі халықаралық оқиға қосылады. Біздің көзқарасымыз бойынша, мұндай матч Қазақстанның әлемдік футбол картасындағы орнын нығайта түседі.

Біз «Астана Арена» әлемдік деңгейдегі стадион екенін жақсы білеміз. Бұл оның сыйымдылығына ғана емес, корпоративтік инфрақұрылымына, медиаға арналған мүмкіндіктеріне және басқа да бағыттарына қатысты. Жобаның негізгі талаптарының бірі — матчтың табиғи алаңда өткізілуі. Сондықтан алдағы уақытта стадиондағы жасанды төсеніш табиғи алаңға ауыстырылады.

Біз бұл жобаға ерекше қуаныштымыз. «Астана Арена» әлемнің үздік стадиондарымен бәсекелесе алатынына сенеміз. Енді барлығымызды керемет футбол кеші күтіп тұр.

Біз Қазақстанды әлемдік футбол кеңістігінің бір бөлігі ретінде көргіміз келеді. Еліміздегі футболдың дамып келе жатқанын байқап отырмыз және бұл — сол жолдағы үлкен қадамдардың бірі. Мұндай мүмкіндік Қазақстанды тек УЕФА аясында ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдар мен турнирлерге, сондай-ақ әлемнің жетекші клубтарына кеңінен танытуға жол ашады.

Федерация президенті бізге ұзақмерзімді даму бағытын айқындап берді. Оның стратегиялық көзқарасы Қазақстан футболын халықаралық аренаға шығаруға бағытталған. Ендігі міндетіміз — осы бағытты қолдап, оны жүйелі түрде жүзеге асыру.

Бұл жұмыста біздің Халықаралық департаменттің рөлі ерекше. Бізде әлемдік деңгейде жұмыс істей алатын кәсіби команда қалыптасқан және оны мақтан тұтуымыз керек. Ұйымымызда халықаралық футбол құрылымдарында тәжірибесі бар басқа да мамандар еңбек етеді. Мәселен, Бас хатшының орынбасары — УЕФА-ның жетекші матч комиссарларының бірі, ол өткен жылғы финалда да қызмет атқарды. Сонымен қатар УЕФА турнирлеріне қатысатын төрешілеріміз бар. Ал Халықаралық департамент осы құрылымдармен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейді.

Бірнеше апта бұрын мен Конференция лигасы, Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімдеріне қатыстым. Сол сапар барысында УЕФА басшылығымен кездесіп, түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысу мүмкіндігі болды. Ал алдағы аптада біздің сайлауымыз өтеді, оған УЕФА мен ФИФА өкілдері де қатысады. Яғни біз бұл ұйымдармен тұрақты әрі тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз.

Енді бұл жоба бізге алдағы жұмысымыздың нақты бағытын көрсетіп отыр. Бұл — халықаралық деңгейдегі ірі футбол оқиғасы. Сондықтан біздің басты мақсатымыз — осы мүмкіндікті Қазақстанды әлемге таныту, еліміздің футболдық және ұйымдастырушылық әлеуетін көрсету үшін барынша тиімді пайдалану.

Сонымен қатар келесі жылдың сәуір айында УЕФА Конгресі өтетінін де атап өткен жөн. Бұл да Қазақстан үшін аса маңызды халықаралық шара. Біз ол шараны үлкен жауапкершілікпен және зор ықыласпен күтудеміз», — деді Скотт Манн.



Күн шежіресі