Шаңғымен тұғырдан секіруші Илья Мизерных Олимпиада ойындарында сегізінші орын алып, Қазақстан тарихында үздік нәтиже көрсетті
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында шаңғымен биік тұғырдан секіру жарысы аяқталды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтық бәсекеде ел намысын Илья Мизерных пен Данил Васильев қорғады.
Нәтижесінде Илья Мизерных 281,6 ұпай жинап, 8-орынмен жарысты аяқтады. Ал Данил Васильев 235,9 ұпаймен 27-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Мизерных тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Домен Превц (Словения) Олимпиада чемпионы атанды — 301,8 ұпай. Жапониялық Рэн Никайдо (295,0 ұпай) күміс жүлдегер атанса, Польша өкілі Кацпер Томащак үздік үштікті түйіндеді — 291,2.