Самат Данияр: Шутовқа рақмет, ол ойын барысында жеңілмеуге мүмкіндік жасады

Қорғаушы Самат Данияр Минскідегі овертаймда «Барыстың» минималды есеппен жеңілісіне қатысты Sport+ басылымына сұхбат берді.
— Екі жеңілістен кейін жиналыс өткіздік, командамен сөйлестік. Өткен ойынды талдадық. Бапкерлік штаб қандай сәттерді түзету керегін көрсетті. Біз Череповецтегі жіберген қателіктерімізді жоюымыз қажет еді. Бүгін қорғаныста көп жұмыс істедік, матчқа қойылған тапсырманы орындауға тырыстық. Қарсылас шайбамен көп ойнайтынын білдік. Соның арқасында бір ұпай алып кеттік.
— Бар болғаны сегіз соққы жасап, мұндай нәтиже көрсету біртүрлі көрінеді. Шабуылда не болды?
— Бұл сапардағы үшінші ойын болғаны әсер еткен шығар. Барлық матчтар өте ауыр өтті. Шабуылшылар қолынан келгенше шайбаны ұстап тұрды. Бірақ қарсылас өте белсенді қимылдады, прессинг жасады, шайбаны тартып алды. Иә, бізге бұл компоненттерде жақсару қажет. Видеоны қарап, алдағы өз алаңымыздағы серияда бәрін түзетуге тырысамыз. Көбірек соққы жасап, көбірек гол саламыз.
— Маусым басындағы жеті матчтың барлығын дерлік үш жұп қорғаушылармен өткіздіңіздер. Бұл сіздерге плюс болып жатыр ма, әлде шаршау жиналып жатыр ма?
— Жеке өзім үшін үнемі ойнап, тонус ұстаған дұрыс. Керісінше, жазғы үзілістен кейін осындай темпке тезірек бейімделесің. Ал демалған кезде ритмді жоғалтып аласың. Сондықтан ойнаған жақсы.
— Матч соңын дерлік Кирилл Савицкий мен Эмиль Галимовсыз өткіздіңіздер. Шабуылдағы топ-6 құрамынан екі ойыншы кеткенде бейімделу мүмкін болды ма?
— Иә, бапкерлер үнемі бізге екі шабуылшысыз ойнап жатқанымызды ескертіп тұрды. Әсіресе матчтың аяғында қорғанысқа көбірек көңіл бөлуімізді сұрады. Осындай жағдайда қарапайым ойнау, қарсы шабуылға шығу керек болды. Әрине, Андрей Шутовқа үлкен алғыс, ол бізді қайта-қайта ойында ұстап тұрды, жақсы нәтижеге жетуге мүмкіндік берді. Бүгінгі бір ұпай алуымызда оның еңбегі зор.
— Демалысқа аз уақыт бар, алда төрт ойынды өз алаңда өткізесіздер.
— Иә, қазір ең бастысы — дұрыс қалпына келу. Екі күннен кейін-ақ «Ақ Барспен» ойын. Алдыңғы матчтардағы сәттерді талдаймыз. Сәтсіздеу сериядан кейін жанкүйерлер алдында ақталуымыз керек. Сондықтан алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.