Рауан Бекболат: Жеңіске жетудің құпиясы жоқ, адал еңбек пен маңдай тер ғана
Қазақстандық аралас жекпе-жек жауынгері Рауан Бекболат Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Пәкістанда өтетін жекпе-жекке дайындығы, қарсыласы және спорттағы жоспарларымен бөлісті.
- Brave лигасымен келісімшартқа кім мұрындық болды? Келісімшарт қанша жекпе-жекке?
- Brave лигасын қырғыз бауырым Мара ұсынды. Біздің келісімшартымыз 5 жекпе-жекке бекітілген.
- Қарсыласыңыз туралы не білесіз? Оның бұған дейінгі жекпе-жектерін толық зерттей алдыңыз ба?
- Қарсыласыма тоқталсам, бауырым Ильярмен жекпе-жек өткізіп жеңген. Мықты жауынгер. Мансабында кілең жеңіспен келе жатқан Brave лигасының белбеуіне үміткер. Қарсыласым кім болса да, төбелесуге дайынмын!
- Соңғы белдесуде Омар тағы бір қазақстандық Ильяр Асхановты жеңді. Ильярмен сөйлесіп, қарсыласыңыз жайлы сұрай алдыңыз ба?
- Жоқ, Ильярмен сөйлескен жоқпын. Бізге бес раунд берілген. Мен соның 3-ші немесе 4-ші раундында қарсыласымды талқандаймын. Алла жазса, техникалық нокаут күтіңіздер. Осы жекпе-жекті ұтсам, белбеу үшін қырғыз жауынгері Нематпен жекпе-жекке шығамын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
- Кардта сізбен бірге тағы екі отандасымыз төбелеседі. Шет елде жерлестермен төбелесу жақсы ма, жаман ба?
- Маған бауырларыммен бірге шет елдерде бір карда төбелескен ұнайды. Күш-жігер береді. Отандастарыма сәттілік тілеймін. Көк туымызды желбірете берейік!
- Сіздің жеңіске жетудегі құпияңыз бар ма? Қандай тактика қолданасыз?
- Жеңіске жетудің құпиясы жоқ, адал еңбек пен маңдай тер ғана жеңіске жетелейді. Айта кетерлігі, Қытай JCK лигасында тамақтану жағынан еш кедергі жоқ екен. Қонақ үйде берілетін тағамдар халал. Өкінішке қарай, Қытайға қазы алып бара алмадық.
- Шайқас алаңында көбіне кімді ойлайсыз? Кім сізге шабыт, күш береді?!
- Мен әрдайым жеңіс туралы ойлаймын. Осы жеңісім UFC басшылығына ұнап қалар. Сол үшін қарсыласымды берілген уақыттан бұрын тізе бүктіремін. Маған отбасым шабыт береді. Кішкентай қыздарым үшін бәрін жасаймын! Мен үшін әрқашан отбасым спорттан да биік.
- Сәттілік тілейміз!