Қытайлық қандасымыз төрт құрлық чемпионатында алтын жүлдені иеленді
Қытай құрамасының сапындағы қандасымыз Ақнар Адақ Жапонияның Хатинохе қаласында өткен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионатында чемпион атанды, деп хабарлайды Sport+.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, әйелдер арасындағы командалық жүгіру жарысында Қытай құрамасы 3 минут 2.20 секунд көрсеткішімен бірінші орынға ие болды. Осылайша, Ақнар Адақ төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанды.
Ақнар Адақ — Шыңжаң өлкесінің Құтыби ауданында туған спортшы. Ол 2019 жылғы Қытай біріншілігінде 5000 метрлік жарыста алтын медаль, ал 3000 метр қашықтықта күміс медаль еншілеген. Сондай-ақ, ол халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып жүрген тәжірибелі спортшы. Ақнар 2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған.
Еске сала кетейік, Ақнар Адақ бұған дейін Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай құрамасының намысын қорғаған болатын.