logo

Қуаныш Тимур: Арманым UFC алаңында жеңіске жеткен ең жас қазақстандық спортшы атану

Қуаныш Тимур: Арманым UFC алаңында жеңіске жеткен ең жас қазақстандық спортшы атану

Octagon лигасының болашағынан зор үміт күттіретін файтерлерінің бірі Қуаныш Тимур Sport Plus Qazaqstan тілшісіне сұхбат берді. 

- Алдағы жекпе жекке дайындығыңыз жайында айтып берсеңіз.

- Дайындығым өте жақсы жүруде. Қаңтар айында өткізген жекпе жегімнен соң бірнеше күн тынығып, қайтадан жаттығуға кірістім. Бапкерім Мұрат Естанов маған көп көңіл бөліп, әр жаттығуымды ерекше бақылайды. Екінші әкеме айналған бапкерімнің себепкерлігімен қашан да бабымдамын. 

- Dar Team командасына қосылған екенсіз. Осы залға келуіңізге не себеп болды?

- Алматы қаласында тұрақты жаттығу қажеттілігі болды. Бапкерлеріммен ақылдаса келе, Dar Team басшылығымен келісім шартқа отырдық. Бұл жердің артықшылығы күн тәртібімен өмір сүреміз. Яғни, күнделікті 22:30да ұйықтап, 7:30да тұрамыз. Спорттық режимнің сақталуы өте пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Академия базасында тұрамыз, кешке телефон тапсырамыз. Үйде, Шымкентте жүргенде бұндай режим бола бермейді. Чемпион болу жолында дұрыс қадам деп ойлаймын.

- Эдуард Базровтың жетекшілігімен жаттығу жасаған ұнап жатыр ма?

- Иә, толықтай көңілімнен шығып жатыр. Эдуард Базровға шын жүректен алғыс білдіргім келеді. 
- Лақап атыңыз ерекше - «Питон». Оның сыры неде?

- Әуесқойлар арасындағы жарыстарда қылғындыру әдісін жиі қолданатын едім, сол үшін ағаларым осы лақап атты қойып берді. 
- Панкратионнан соңғы Қазақстан чемпионатында Мұратбек Қасымбайды жеңдіңіз. Осы жекпе жек туралы айтып берсеңіз.

- Мұратбек ағамыз өте мықты спортшы. Панкратиондағы бұл жекпе жек мен үшін үлкен тәжірибе болды. 7:3 есебімен жеңіске жеткен соң, тіпті өзіме деген сенімім артты деп айтуға болады. 
- Қазіргі уақытта өз салмақ дәрежеңіздегі рейтингте 7 орындасыз. Титулға төбелесуге мүмкіндік бар ма? Бұл туралы лигамен сөйлесіп көрдіңіз бе? 
- ИншаАллах Octagon лигасының турнирінде алтыншы жекпе жегімді ұтып, қыркүйек айында тағы бір кездесуде жеңіске жету ойда бар. Жылдың соңында белдік үшін жекпе жек өткізіп, 2025 жылы UFC алаңынан көрінемін деген арман бар. Лига қандай қарсылас ұсынса, бәріне дайынмын. UFC әлемдік лигасында жұдырықтасқан және жеңіске жеткен ең жас қазақстандық спортшы ретінде тарихқа есімімді жазғым келеді.