Қазақстандық спортшылар Әлем чемпионатында топ жарды

Қазақстандық Ксения Прозорова Лимада (Перу) өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҰОК.
Спортшы елімізге алтын медаль алып келді, ол 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атанды.
Ксения қос сайыс нәтижесінде 199 (91+108) келіні бағындырды. Екінші орынды өзбекстандық Маржона Абдумуталова иеленді — 190 (88+102). Үшінші орын ресейлік Полина Павловичке бұйырды — 189 (85+104).
73 келіге дейінгі салмақта Ернұр Мырзахметов қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, жастар арасындағы 81 келіге дейінгі бәсекеде Ерасыл Саулебеков те үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік, бұған дейін әлем чемпионатында Бейбарыс Ерсейт (61 кг дейін) бірінші орынды иеленген болатын.